
Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Қызылорда облысының жастар одақтары» қоғамдық бірлестігі және «Жас құрылысшылар» еңбек жасағының ұйымдастыруымен облыстық еңбек маусымының жабылу салтанаты және жастар балы өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.
Облыс орталығында 4-ші жыл қатарынан ұйымдастырылған шарада «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарында әр аудан және Қызылорда қаласы бойынша еңбек етіп, белсенді атсалысқан жастар мен құрылыс нысандарында еңбек етіп, әр түрлі мамандықтар бойынша үздік деп танылған жастар арнайы алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мұнан бөлек, жастар балында 30 жұпқа бөлінген жастар вальс билеп, барлық қатысушылар арасында лотереялық ойындар ойнатылды. Облысымызға танымал белгілі өнер жұлдыздары және жайдарманшылар өз өнерлерін көрсетті. Айта кету керек, ағымдағы жылы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары қатарында облыс бойынша 1035 жас сарбаз жұмыс жасаса, құрылыс нысандарында, яғни 28 мекемеде 316 жас жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 50-ден астамы тұрақты жұмысқа орналасты.