
Кеше Қазалы ауданындағы Жалаңтөс батыр ауылындаауылдық клуб пайдалануға берілді. Жаңа клубтың ашылу салтанатына қатысқан «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев, аудан әкімі Нажмадин Шамұратов ауыл тұрғындарын көптен күткен қуаныштарымен құттықтады.
Екі қабатты 150 орындық клубта көрермендер залы, үйірме бөлмелері, кітап сақтау бөлмесі, оқырмандар залы қарастырылған.Қазіргі таңда клубта 4 үйірме жұмыс жасайды.
И.Құттықожаев облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, клуб ұжымына түрлі түсті теледидар сыйлады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ажаркүл Алдажарова ауыл тұрғындары атынан алғысын білдірді: «Ауылымызда дәл осындай заманға сай мәдениет үйі болғанын армандап келдік. Міне, арманымыз орындалды. Заманауи үлгіде салынған клуб үйі ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жақсы әсерін тигізеді. Бұл - ауыл халқы үшін жасалған жағдай. Сол үшін қуаныштымыз».
Жаңа клубтың лентасы қиылғаннан кейін қонақтар ғимарат ішімен танысты. Көрермен залында Жалаңтөс батыр туралы деректі фильмді тамашалаған мектеп оқушылары атынан Динара Қайрулла: «Осыған дейін Жалаңтөс батыр туралы деректерді тек кітап беттерінен ғана оқып білсек, бүгін фильм арқылы алған әсеріміз ерекше. Ат үстінде жүріп, туған жерінен жырақта жерленген Жалаңтөс батырдың елімізді қорғаудағы ерлігі туралы жан-жақты мағлұмат алдық» - депфильмнен алған әсерін жеткізді.