
Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын Астананың «Барысы» Хельсинки қаласында біріншілікте көш бастап келе жатқан азулы командалардың бірі «Йокеритпен» өткізіп, овертаймда 3:2 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, алма-кезек шабуылмен өткенімен, бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңде 33-минутта сан басымдылығын пайдаланған айдын иелерінен Эли Толванен «Йокеритті» алға шығарды. Дегенмен 36-минутта «Барыстан» Артем Лихотников таразы басын теңестірді. Ал 38-минутта команда капитаны Найджел Доус биылғы чемпионаттағы өзінің кезекті голын соқты. Үшінші кезеңде «Йокерит» есепті теңестіру мақсатымен қонақтарды тықсырып бақты. «Барыс» сәтті қорғана білді. Қақпашы Сергей Кудрявцев те жақсы тұрды. Әйтсе де матч аяқталуға бір минут қалғанда, қақпашысын ойыншыға ауыстырған айдын иелері дегеніне жетіп, Петер Регин есепті теңестіріп кетті. Осылайша, «Барыс» үшін негізгі уақыт үшінші ойын қатарынан тең аяқталып, овертаймға ұласты. Бұл жолы Н.Доус тағы да мергендігін танытып, өз командасына жеңіс әперді. Бұл оның осы чемпионаттағы 24-інші голы еді. «Барыс» 45 ұпаймен ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасымен үшінші-төртінші орынды бөлісуде. Евгений Корешковтың шәкірттері келесі бәсекесін 27 қазан күні Череповец қаласында жергілікті «Северсталь» командасымен өткізеді. Содан кейін елордаға қайтып оралады.