Синтетикалық ауды пайдаланғандар жазаланады

ҚР АШМ синтетикалық моножіптен жасалатын ауларды қолданыстан алып тастамақ, деп хабарлайды elorda.info. Бір-ақ рет қолданылуға жарамды арзан бағаға сатылатын синтетикалық моножіп ауын балықшылар суға лақтырып кетеді екен.
Мамандардың айтуынша, судың ішінде шірімейтіндіктен, синтетикалық моножіптен жасалатын аудың су жануарларына зияны көп. Сондықтан ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі балық аулау құралдарын, оның ішінде синтетикалық моножіптен жасалған ауларды Қазақстан аумағында еркін сату орындарын анықтап, олардың жолын кесу шараларын қолға алуды мемлекеттік құзырлы органдар мен әкімдіктерге жүктеді. Қармақ салу үшін балықшыларға арнайы жолдама қажет. Оның өзінде де синтетикалық моножіптен жасалған ауды пайдалануға болмайды. Сол сияқты саудагерлерге де дәл осындай ауды сатуға қатаң тыйым салынған.
«Қазақстан Республикасының № 544 Заңының 32 бабы бойынша синтетикалық моножіптен жасалған ауларды пайдалануға қатаң тыйым салынады. Егер заң бұзушылық анықталса, саудагер жауапқа тартылады. Біз заңға қайшы тауарды сататын орындарға бір рет ескерту жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Әрине, оларды жауапқа тарту, айыппұл салу біздің құзырымызда емес. Дегенмен енді ескертуден қорытынды шығармайтын болса, олардың ісімен құзырлы заң органдары мен тиісті мекемелер айналысатын болады», — дейді «Жаснұр» өндірістік шаруашылық кәсіпорны табиғатты қорғау бөлімінің маманы Гүлназ Абжанова.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қазан 2017 г. 494 0