ТҮГІСКЕНГЕ 50 ЖЫЛ

Жаңақорған ауданындағы ірі елді мекеннің бірі-Түгіскен. Жуырда ауыл тұрғындары шаруашылықтың құрылғанына 50 жыл толуын мерекеледі. Иә, Түгіскен тыңына түрен салынғалы да жарты ғасыр өте шығыпты. Бұл арада қаншама ұйымдастыру жұмыстары өткізіліп, қаншама адам өз нәпақасын адал бейнетпен ажыратты. Қоғамдық өзгерістерге де куә болды.

Сонау алпысыншы жылдардың ортасында Түгіскенге қайта қоныстанған халық елу жыл ішінде қайта қалыптасу мен жаңғыруларды бастан өткеріп, бұл күндері іргелі атақонысқа айналды. Сонымен ауыл тұрғындарының мерейлі мерейтойына ортақтасуға жер-жерден жүздеген қауым жиналып, тіршілігі түзелген Түгіскеннің бүгінгі тынысымен танысты. Тәуелсіздігін алған елдің бір пұшпағындағы елді мекеннің болашағы баянды, келешегі кемел екендігіне көз жеткізді. Осы мереке құрметіне ауылдың кіре-берісіне «Туған жер» ескерткіші ашылды. Салтанатты шара барысында аудан әкімі Ғалым Әміреев құттықтау сөз сөйледі. Мұнан кейін, жаңа монументтің лентасы қиылып, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері саябаққа ағаш көшеттерін отырғызды.

Шара барысында елдің әлеуметтік, экономикалық әлеуетінің өсіп, өркендеуіне үлесін қосқан бір топ ел ағалары мерекелік медаль мен аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады. Айтыскерлердің сөз аламанына ақын Әбілхайыр Сыздықов бастаған сөз жүйріктері шығып, жырдан шашу шашты. Осыдан соң, мәдени іс-шараның негізгі бөлігі №209 Әнуар Әбутәліпов атындағы орта мектепте өрбіді.  Көпшілік алдында  «Түгіскенді түлеткен елге – 50 жыл» кітабының тұсауы кесілді. Оның авторы әрі құрастырушысы Е.Ибрагимов. Салтанатты шара соңы ғылыми конференцияға ұласып, Аққорған ауылының өткені мен бүгіні туралы  «Аққорған» ауылдық округінің әкімі Сардар Садықов пен «Түгіскен тыңы» кітабының авторы Ермахан Төреқожаев  және  Ержан Уайыс, аудан әкімінің әйелдер ісі және гендерлік  саясат жөніндегі кеңесшісі Азия Қыстаубаева, аудан әкімінің орынбасары Серқожа Ыдырысов, ел ағасы Нажмадин Мұсабаев, «Түгіскен мемлекеттік тұқым шаруашылығы» ЖШС директоры Наматулла Рүстемов, Жаңақоған аграрлық-техникалық колледжінің директоры Мадияр Ахметов Түгіскен массивінің өткені мен бүгініне тоқталды.

Сонымен қатар, шара соңында ұлттық ойындардан жарыс өткізіліп, озғандар марапатталды. Көпшілік қауым танымал, эстрада жұлдызы, түгіскендік жас әнші Серік Ибрагимов бастаған өнерпаздар мен  Әлшекей, Бесарық, Түгіскен өнер мектебінің  гала концертін тамашалады.

Н. Назымханұлы,

 Жаңақорған ауданы

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қазан 2017 г. 830 0