Елбасы өзінің көпшілікке жақсы мәлім «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында өлкетану тарихын зерттеу, туған жердің мәртебесін көтеру, танымал тұлғалар өмірін насихаттау жұмыстарын қолға алуды ерекше тапсырған болатын. Мұндай игі қадам жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруда, ұлы тұлғаларымызды насихаттап, олардың өмірі мен өнегесін дәріптеуге әсері мол екенін айрықша атап өткен еді.
Осы тұрғыда ауқымды шаралар Қазалы ауданында өткен жылдан бастау алған болатын. Тәуелсіздіктің ширекғасырлық мерейтойы ауданда кең көлемде аталып өтті. Тарихи-танымдық көптеген жұмыстар, ұлағаты мол тәрбиелік шаралар легі биыл да жалғасуда. Олардың қатарында Қазалы қаласының аталуына – 150, би әрі батыр Басықара бабаның туылғанына – 260, Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевқа – 115, Кеңес Одағының батырлары Генадий Шляпиннің туғанына – 105, Үрмәш Түктібаевтың туғанына 100 жыл толуына қоса, өзге де көптеген айтулы тойларды айтуға болады.
Жуырда «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, марқұм, жерлес теңізші Талант Бөріқұлақовтың 70 жылдығы жоғары деңгейде аталып өткендігінен оқырман хабардар. Бәлкім, жұртшылықтың көкейінде мұндай ұлан-асыр тойлардың пайдасы қаншалықты деген сауал туындауы да ғажап емес.
«Осындай тағылымды шаралармен жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімді терең сіңірумен қатар сол аумақта бірқатар толымды тіршіліктер жүзеге асатын болады» дейді ел ағалары. Мәселен, санаулы күннен соң тойланатын даңқты қолбасшы Жалаңтөс Сейітқұлының 440 жылдығын мерекелеу аясында батырдың есімімен аталатын ауылда жаңадан салынған клуб ғимараты, абаттандырылған орталық алаң пайдалануға берілмекші. Бұрынғы ескі клуб, балабақша, шаруашылық қоймасының орнына салынған аумақта шағын демалыс орындары, балалардың ойын және спорттық тренажер алаңдары бар.
Сондай-ақ, Басықара батырдың мерейтойында ат бәйгесі, аудандық жазба ақындар мүшәйрасы, облыстық шежірешілер байқауы ұйымдастырылатын болады. Мерейтой қарсаңында баба атындағы ауылда ауқымды жұмыстар жүргізілді. Елді мекенді абаттандыруға аудандық бюджеттен 121,8 млн теңге қаржы бөлінген еді. Осынау қаражатқа ауылдың бас қақпасы жаңаланып, кіреберістегі 618 метр жерге жарықшамдар қойылды. Орталықтан «Басықара баба» атындағы аллея ашылып, ұрпақтарының демеушілігімен ескерткіш-белгі қойылды. Сонымен қатар, Орталық алаң, Жастар алаңы, балалардың ойын алаңы тұрғындардың көз қуанышына айналды. Ауылдық клубтың айналасы қоршалып, Қадірбай Есенов, Үрмәш Түктібаев көшелері асфальтталды. Алдағы сәрсенбі күні ауданда бірқатар нысандар ашылады деп күтілуде.
Оған қоса көптен күткен Сырдария өзені бойындағы «Әлсейіт» өткеліндегі темір-бетон көпірінің іргетасын қалау рәсімі өтеді. Бұл халықтың көп уақыттан бері тағатсыздана тосқан арманы болатын. «Әлсейіт» қалқымалы көпірі арқылы қатынап, көктем-күздегі абыржыда сілікпесі шығатын Арал, Қазалы тұрғындарына осынау игілікті істің қаншалықты маңызды екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осы күні ауылда жазба ақындар мүшәйрасы, патриоттық әндер байқауы өтіп, Орынбет ишан көшесінің, Ү.Түктібаев бюстінің ашылу рәсімі, қылқалам шеберлерінің көрмесі, жастармен кездесу, салтанатты жиын, концерттік бағдарлама, республикаға танымал облыс ақындары айтысы, батыр баба рухына арналған ас, ат бәйгесі, басқа да шаралар мәреге жетіп, «Жастар» саябағы, жарық шамдар, гүлзарлар, шағын демалыс орындары орналасып, Түктібаевтың бюсті қойылған «Тағзым» алаңы ел игілігіне беріледі.
Осы жылы Қазалы қаласының атауына 150 жыл толатыны көзі қарақтыларға аян. Мерейтой аясында қаланы абаттандыруға бюджеттен бөлінген 434,3 млн теңге қаржыға жастар алаңы салынып, «Ардагерлер алаңы» абаттандырылды. Қаланың мерейтойына арналған монумент қойылды. Бүгінгі таңда қаланың 6 көшесіне түнгі жарықшамдар орнатылып, 5 көше асфальтталды. Бірнеше көшеге бордюрлар, жаяу жүргіншілер жолы салынып, қиыршық тас төселді. Спорт мектебінің ғимаратын жөндеп, айналасын абаттандыруға облыстан қаралған қаржыға тиісті жұмыстар жүргізілді. Мерейтой аясында «Ағайын» мейрамханасының, «Ардагерлер алаңында» монументтің ашылу рәсіміне қоса аймақтық жыршы-термешілер байқауы, өзге де шаралар бар. Арнайы тігілген киіз үйлерде ас беріліп, Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығы тапсырылады. Дарынды жастардың басын қосқан дәстүрлі шара биыл республикалық дәрежеде ұйымдастырылуда. Байқауға облыс аудандарынан бөлек Алматы, Тараз, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Павлодар қаласы, Батыс Қазақтан және Маңғыстаудан жастар қатысуға талап қылуда. Жеңімпаздарға марапаттарды облыс әкімі, кезіндегі комсомол комитеттерінің бірінші хатшылары табыстайды. Өткен жылы тұңғыш рет облыстық деңгейде Ғ.Мұратбаев атындағы жастар сыйлығы жеңімпаздары марапатталған-ды. Мерейтой аясында Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығы бойынан тұрғындарға жер телімдері табысталатын болады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.