
Ғарыштағы қалдық саны бойынша АҚШ бірінші орында, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі lenta.ru басылымына сілтеме жасап.
Сарапшылар жер айналасындағы орбитада ең көп қоқыс қалдыратын елдерді атады. Business Insider басылымының хабарлауы бойынша, тізімде АҚШ көш бастап тұр: ғарыштағы 3999 ірі сынық осы елге тиесілі. Ресей – екінші (3961 бірлік), ал үшінші орында Қытай (3475 бірлік) тұр.
Басылымның ақпаратынша, орбитада істен шыққан ғарыш станциялары мен зымырандардың 14 мыңнан астам фрагменті бар. Олардың саны күннен-күнге артуда.
Сарапшылар ғарыш қоқысының жиналуы болашақта Кесслер синдромына әкеп соғуы мүмкін екенін айтты. Яғни, орбитада бөгде заттардың көбеюі салдарынан ғарыш аппараттарын орналастыру қиындауы мүмкін.
Биыл жазда ЕО ғалымдары ғарыштағы қоқысты жинау үшін магниттік буксирлерді пайдалануды ұсынған болатын.
Айта кетсек, қазіргі таңда жер айналасындағы орбитада қоқыс жиналмайды.