КӨМІР КЕЛЕТІН КҮН ЖАҚЫН

Жалағаш ауданы әкімдігінде аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Басқосуға мекеме, бөлім басшылары мен ауыл әкімдері және кеңес мүшелері қатысты.
Жиынды қоғамдық кеңес төрағасы Ханзулла Каметов ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселелерді назарға ұсынды. Алдымен, аудан тұрғындары мен мекемелерді жылу беру маусымында тұрақты түрде тиімді бағамен көмір және тамызық отынмен қамтамасыз ету туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Момынтаевтың хабарламасы тыңдалды.
– Биылғы жылу беру маусымында аудан тұрғындарын екі кәсіпкер ЖК «Ізтілеуова», ЖК «Халық Серік» қажетті отынмен қамтамасыз етуге жұмыс жасауда. Мұнан бөлек, қатты отынды қаптап сататын кәсіпкерлер де бар. Ал, осы кезеңде ауданымызда көмірдің жоқтығының бірден бір себебі – темір жол мекемесінен вагон алу қиынға соғуына байланысты болып отыр. Алайда жеке кәсіпкер С.Әбжаппаров 5-6 күн аралығында вагонмен көмір кен орнынан шығатынын айтты, – деген бөлім басшысы алдағы уақытта ауданға көмір келетінін мәлімдеді.
Дегенмен, жауапты мамандар көмір бағасына қатысты нақты жауап берген жоқ. Қазіргі таңда, аудан бойынша қатты отын тек қаппен ғана сатылуда. Бағасы 1000 теңгеден аспаса кем түспейді. Мұны жан-жақты талқылаған кеңес мүшелері қатты отынға қатысты бұл мәселені шешу үшін тиісті орындарға ұсыныс бермек.
Келесі мәселе бойынша хабарлама жасаған жұмыспен қамту орталығының директоры Б.Ибраева “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының” іске асырылу жайын көпшілік назарына ұсынды.
– Жыл басынан жұмыс іздеуші ретінде хабарласқандар саны – 1682 адам. Олардың ішінде жұмысқа орналасқаны – 618 адам немесе 36,7 пайызды құрады. Бағдарламаның бірінші бағыты – қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Бұл бойынша аудандық комиссияның шешімімен әрбір елді мекенде тегін техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға үміткерлер тізімін қалыптастыру бойынша мобильді топтар құрылды. Жоспар бойынша 50 адамды оқыту көзделген болса, қазіргі таңда аудандық комиссияның шешімімен 77 адамның тізімі бекітілген, – деді Б.Ибраева.
Мұнан соң, ветеринария саласының мәселелері туралы, коммуналдық меншікке келіп түскен, қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы, сондай-ақ, сот шешімімен коммуналдық меншікке түскен болып танылған иесіз қалдықтарды басқару қағидаларын бекіту туралы мәселелер назарға ұсынылды.
Жиында күн тәртібіндегі мәселелерді қараған кеңес мүшелері ой-пікірлерін айтып, түйіткілді тұстарды шешу жайын талқылады.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қазан 2017 г. 633 0