ЖАНАРМАЙ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛЫПТЫ

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Д.Болатбеков аймақтағы жанар-жағармай бағасына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде БАҚ өкілдеріне баяндап берді.

Оның айтуынша, ҚР Энергетика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы «Мұнай өнімдерін өндіру және өткізу мониторингін жүзеге асыру қағидалары туралы» бұйрығына сәйкес облыс аумағында бөлшек саудадағы мұнай өнімдерінің бағаларына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Айта кету керек, аталған  министрліктің бұй­рығына сәйкес бағаларына реттеу белгіленген мұнай өнімдерінің тізімінен 2015 жылдың шілде айында АИ-92 маркалы бензині, 2016 жылдың тамыз айында дизель отынының құнын реттеу алынып тасталған болатын. Сол себепті бүгінгі күнге олардың бағалары нарықпен реттелуде. Қазіргі таңда тек АИ-80 маркалы бензинінің бағасына мемлекеттік реттеу белгіленген.

Өздеріңізге белгілі, соңғы уақытта жанар-жағармай бағасының күннен-күнге өсуі көпші­лікті алаңдатқан еді. Осыған байланысты облыс­тық кәсіпкерлік және туризм басқармасы тарапынан бөлшек саудадағы жанар-жағармай бағасына күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр. Айталық, осы жылдың 17 қазандағы мәлімет бойынша облыста АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы – 154 теңге, дизель отынының орташа бағасы  148 теңгені құрап отыр. Осы мерзімде облыс аумағындағы жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-92 маркалы бензинінің – 1379,7 тонна, дизель отынының 1881,5 тонна қоры бар.

Қазіргі таңда негізсіз баға өсімінің ­алдын алу және жасанды тапшылықты болдырмау мақ­сатында облыс бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау депар­таментімен бірлесіп, баға тұрақтылығын сақтау бағытында жұмыстар жүргізіліп отыр.

Ғазиза ӘБІЛДА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қазан 2017 г. 429 0