ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР НӘТИЖЕСІ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов, Жаңақорған аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Нұрлан Беркімбаев және Шиелі аудандық ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әбен Жұпарбектің қатысуымен мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері тақырыбында брифинг өтті.

Бүгінде  ветеринария саласы қар­қынды дамып келеді. Мұны ондағы атқарылып жатқан жұмыстардан аңға­руға болады. Ел Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев  «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық  әлеуетін арттыру және ветеринария жүйесін жетілдіру жөнінде айтқан болатын. Осы ретте еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне ­байланыс­ты ветеринариялық бақылауға жататын тауарлардың қозғалысын қатаң бақылауға алынғаны белгілі. Бас­тысы, ветеринария саласы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет кезінде рәсімделетін құжаттар ветери­нариялық қауіпсіздіктің алдын алудың жолы болып табылады. Сонымен бірге осы салада кәсіпкерлік қызметпен айналысатын кәсіпкерлердің, ­шаруа қожалықтардың, жануарлар мен өнім­дердің үнемі ветеринариялық  бақы­лауда болуы халық денсаулығы мен жануарлар ауруының алдын алады.

Жалпы, ветеринария саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 10 түрі бар. Олар әртүрлі бағытта жүзеге асырылады. Жануарлар өсіруді, олардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды, сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, ветеринариялық препараттарды, жем-шөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға биылғы жыл басынан бері 96 ветеринариялық-санитарлық бақылауға жататын объектілерге есептік нөмер рәсімделді. Ал, «Рұқсаттар мен хабарламалар» Заңына сәйкес ветеринария саласындағы қызметпен айналысуға 4 лицензия  берілген.

Брифингте Жаңақорған аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Нұрлан Беркімбаев сала бойынша  атқарылып жатқан жұмыстар жайын айтып берді. Мұнан кейін Шиелі аудандық ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жұпарбек Әбен аудандағы екі мал базарының жұмысы жайында, ондағы келіп жатқан әрбір малдың талапқа сай болуын тексеретін мамандардың тиісті жұмыстар жасап келе жатқанын алға тартты. Соның нәтижесінде заң бұзушылық оқиғасы орын алмаған. Бүгінде облыста малдың ауруы тіркелмеген. Сондай-ақ, басқарма бас­шысы Ерсұлтан Әпетов ­облыс­та ветмамандар мен ветеринариялық пунктердің жеткілікті екенін алға тартты. Мал ауруларының алдын алу мақсатында егілетін екпелердің де уақытылы жүргізіліп келе жатқанын жеткізді.

Сара АДАЙБАЕВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қазан 2017 г. 595 0