«Ақмешіт» музейінде латын қарпінде басылған кітаптар сақтаулы тұр

Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» музейінде «Менің қалам» көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.
Айта кетейік, облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Ақмешіт» музейі 2004 жылы Қызылорданың республика астанасы болғанына 80 жыл толуы қарсаңында ашылыпты. Музейге 1905 жылы салынған тарихи ғимарат берілген. Мұнда кезінде теміржол милициясы орналасқан екен.
Экскурсовод Раиса Алдоңғарованың айтуынша, музей экспонаттары қазақ тарихындағы астаналар – Орынбор, Қызылорда, Алматы, Астана жайлы сыр шертеді. Сонымен бірге музейдің экспозициялық залдарынан «Ақмешіт-Перовск» қалаларының тарихы, «Қызылорда ҚазССР-нің астанасы», Қазақ Орталық Атқару комитеті төрағасының жұмыс кабинеті, ХХ ғасырдың басындағы зиялы қауым өкілдерінің тұрмысы мен олар тұтынған небір бағалы бұйымдарды кездестіруге болады.
«Мысалға, музейде Абай Құнанбаев, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров секілді ұлы ақын-жазушыларымыздың 90 жыл бұрын латын қарпінде жарық көрген шығармалары аз данада сақталған. Себебі, кезінде қазақтың астанасы болған Қызылордада латын қарпінде көптеген көне кітаптар басылған. Солардың ішінде түпнұсқа еңбектер де кездеседі. Соның бірі – таза латын қарпінде жазылған Абай Құнанбайұлының 1929 жылы басылған өлеңдер жинағы», – дейді Раиса Алдоңғарова.
Музей көненің көзіндей болған жәдігерлерге бай. Ақын-жазушы Асқар Тоқмағамбетовтің жазу машинкасы, музей қабырғасында ілулі тұрған 1901 жылы Францияда жасалған «Le Roi a Paris» сағаты. Бұдан бөлек, ағаш шкаф та бірден көзге түседі. Шкафты XVIII ғасырдың аяғы немесе XIX ғасырдың басында ресейлік ағаш өңдеу шеберлері жасаған екен. Ең басты ерекшелігі – бір түйір шегесіз тұтас ағаштан жасалғанында. Мұндай әсем дүниелер көбіне қазақ зиялыларының төрінде тұрған.
«Мен мұнда бірінші рет келіп отырмын. Әсіресе, мені қызықтырғаны, ғасыр бұрын латын қарпінде жазылған кітаптар және ХІХ ғасырда Германияда жасап шығарылған пианино. Оның клавиштерін пілдің сүйегінен жасаған екен. Аспаптың дыбыс ырғағы әлі күнге дейін бұзылмапты, – дейді қала тұрғыны Алтай Есенов. 




ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қазан 2017 г. 741 0