
Бұл туралы бүгін Астанадағы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өтіп жатқан брифингте белгілі болды. Облыс күрішшілері 4 жыл қатарынан рекордтық жетістікке қол жеткізді.
Бұл біріншіден, мемлекеттің қолдауының нәтижесі. Екіншіден, 2013 жылдан бастап бірыңғай күріш кластерін дамытуды қолға алынды. «Байқоңыр» ӘКК жанынан «Агрохолдинг «Байқоңыр» еншілес компаниясы ашылды. Басты мақсат – күріш табысын молайту үшін күрішшілерге қаржылай қолдау жасау. Бұл мақсатты толығымен орындалды. Соңғы жылдары күріш өнімін экспорттау көлемі өсті.
Күріш шаруашылығындағы тың бастамалар мен жетістіктер туралы конференцияға қатысқан «ТАҢ LTD» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев кеңінен айтып берді.
-Өткен жылы облыс бойынша күріштің орта өнімділігі гектарына 56 центнерден келді. Ал, біз шаруашылық бойынша гектарына 70 центнерден өнім алдық. Жыл санап экспорт көлемі ұлғаюда. Соңғы 5 жылдың өзінде күріштің экспорты 3 есеге өсті. Кеңес дәуірінде біз мұндай нәтижені армандай да алмайтын едік. Мұның барлығы Елбасының сарабдал саясатының арқасында болып отыр. Осы сәтті пайдаланып, Елбасына облыс дихандары атынан бізге ұдайы көрсеткен қамқорлығы үшін алғысымды білдіргім келеді. Соңғы уақытта күріш өндірудің жаңа технологияларын және күріш өткізудің жаңа нарығын игеру бағытында қарқынды жұмыс жасаудамыз, – деді кәсіпкер Имамзада Шағыртаев.
Оның айтуынша, қазір шаруашылық бұрын қолданылмаған 5 мың гектар жерді қалпына келтіруді қолға алған. Бұл жерге Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де жоғары сұранысқа ие ауылшаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда. Май өңдейтін кәсіпорын ашу масатында өткен жылдан бастап майлы дақылдар егуге кіріскен. Кәсіпкер мал шаруашылығында да табысты еңбек етуге ниетті.