Халықаралық бағбаншылық көрмесі

Халықаралық бақ өсірушілерінің ассоциациясы Қазақстанда халықаралық бағбаншылық көрмесін өткізу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы бүгін ұйымның бас хатшысы Тимоти Брайклиффе «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасы А.Есімовпен өткен кездесу барысында хабарлады. Қонақ ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ұйымдастырылу мен өткізілу ауқымына тәнті екендігін жеткізді. Сондай-ақ оның айтуынша, алдағы ауқымды шараны өткізу үшін Шымкент қаласы қарастырылып жатыр.
«ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу арқасында халықаралық жобаларды ұйымдастыруда жинаған тәжірибенің болашақта пайдасы тиері сөзсіз. Бүгін мен Оңтүстік Қазақстан облысының форумында Қазақстанда халықаралық бағбаншылық көрмесін өткізу туралы ойыммен бөлістім. Бұл іс-шара ақпарат алмасудың алаңына, осы сектордағы озық тәжірибесіне айналатыны айқын. Осындай шаралар өткізілген қалалар «Жасыл қала» мәртебесін алып, өңірдегі бағбаншылықты дамытудың катализаторы болатыны шүбәсіз, – деді Тимоти Брайклиффе.
Өз кезегінде ұлттық компанияның басшысы оң пікірі үшін Брайклиффе мырзаға алғысын білдіріп, Қазақстанның оңтүстік қаласы бағбаншылық көрмесін өткізуге ең қолайлы жер екенін атап өтті.
Сіздің идеяңыз қолдауға лайық. Біздің Елбасы жеміс-жидек бақтарының қайта жандануына үлкен көңіл бөліп, осы бағытта қарекеттер жасалып жатыр. Егер осы көрмені өткізу Қазақстанның пайдасына шешілсе, онда бізде мұндай шараларды өткізу бойынша тәжірибеміз бар. Бағбаншылық көрмесінің Оңтүстік Қазақстанда сәтті өтетініне сенімдіміз, – деді Ахметжан Есімов.
Халықаралық бақ өсірушілерінің ассоциациясының негізі (AIPH) 1948 жылы қаланған. Бүгінгі таңда ассоциацияның құрамына жетекші бағбаншылық ұйымдар мен әлемнің 20 елі кіреді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қазан 2017 г. 521 0