
Кеше «Торғай-петролеум» акционерлік қоғамының конференц-залында ұжымның әкімшілік-басқару құрамының қызметкерлерімен қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі бойынша кездесу өтті.
Латын әліпбиіне көшудің мәні мен мақсаты, оның артықшылықтары мен одан күтілетін нәтижелері туралы тілдерді оқытудың өңірлік орталығының директоры Нұрсәуле Мусаева сөз алып, ұжымның қызметкерлеріне сәйкесінше ақпарат берді.
Содан кейін акционерлік қоғамның референт-мемлекеттік тіл аудармашысы, ұжымдағы «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйым төрағасы Тұрар Сыздықов арнайы дайындалған слайдтар арқылы компания қызметкерлерін жалпы ұлттық талқылауға ұсынылған қазақ тілінің жаңа латын алфавитінің екі нұсқасымен таныстырып, әр нұсқаның кемшілік және артықшылық жақтарына тоқталып өтті.
Ұжым қызметкерлері қазақ тілінің жаңа латын әліпбиіне көшуге қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп, өзара пікірталас құрып, баяндамашыларға көкейлерінде жүрген сауалдарын қою арқылы оларға қатысты тұщымды жауаптарын алды.
Аталмыш шарада қатысушыларға қазақ тілін латын графикасына көшірудің өзектілігіне қатысты тыңғылықты мәліметтер берілді. Нұрсәуле Мусаева қызметкерлердің тіл мәселесіне бейжай қарамайтындықтарына ризашылығын білдірді.
Шынар БЕКБАН.