
Нақты кезеңде елімізде индустриалды-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру қарқын алып, үкімет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында жеңілдетілген несие, қайтарымсыз грант алушылар қатары күн санап артып келді. Аудандарда мемлекеттік бағдарлама аясында кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, тұрақты жұмыс орындарын ашу өз шешімін табуда. Мұның бәрі қарапайым еңбек адамы үшін таптырмас мүмкіндік екені сөзсіз.
Ел экономикасын дамытуға байланысты ҚР Үкіметінің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында 7 басым бағыт бойынша нақты тапсырмалар берді. Елбасы аталған бағдарламаны жүзеге асыруда агроөнеркәсіптік кешенді, құрылыс саласын, мұнай өңдеуді, металлургия, химия өнеркәсібі және фармацевтика, энергетика, көлік және телекоммуникация инфрақұрылымын дамытуды міндеттеген.
Аталған міндеттерді орындауда Қазалы ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Тамыры терең, тарихы кенен өңірде берекелі тірлігімен елдің алғысына бөленген «РЗА» АҚ-ын білмейтін жан жоқ. Облысқа ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпіріне түрлі өнімдерін ұсынып отырған іргелі компанияның табысы күн санап артып келеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жерді түлетуде «РЗА» акционерлік қоғамының президенті Самұрат Имандосовтың қажырлы еңбегін айтпасқа болмайды. Алғашқы күннен құрылыс-монтаждау оның ішінде мелиоративтік құрылыс, тұрғын үй құрылысы, магистралдық су құбырларын жүргізумен айналысатын ұжым 15 жылдан бері облыс аумағында құрылыс жұмыстарын атқарып келеді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге байланысты I-категориялы мемлекеттік лицензияның иегері. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша 2003 жылдан бері Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында қызметін ұсынуда. Құрамында бірнеше ЖШС бар акционерлік қоғам соңғы 7 жылдың бедерінде ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда.
Мемлекет үшін ең маңызды фактор – адами ресурс. Әсіресе, тұрақты жұмыспен қамту өзектілігін жоймайтын мәселенің бірі. Бұл орайда «РЗА» АҚ ауданның 1200-ден астам тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.
Жыл сайын әлеуеті артып келе жатқан «РЗА» АҚ дәнді дақылдар егумен айналысып, 35 мың га жуық жерден жылына 1 млрд теңге көлемінде өнім өндіреді. Оның ішінде 5 мың тонна ақталған жоғары сапалы күріш – Ресей, Украина, Беларусь, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттеріне экспортқа жіберіледі. Серіктестік ауылшаруашылық дақылдарын өндіруде қуаттылығы жоғары, бір уақытта барлық техникалық қызметтерді жоғары әрі сапалы деңгейде жасайтын шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларын пайдаланады.
Соңғы жылдары «Дәмді» сауда маркасымен тұтынушылар арасында кеңінен танымал сүт өнімдері де осы «РЗА» компаниясының тауары. Сүт және ет өнімдерін өндіретін типтік жобадағы сүт фермасы мен 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты индустриалдық даму картасының аясында жүзеге асырылды. 2010 жылдан негізі қаланған зауыт бүгінде тұтынушы талғамына сай келетін бірден-бір тауар болып саналады. Серіктестік бұған қоса асыл тұқымды мал шаруашылығы, ет және сүт өндіру, өткізумен де айналысады. Венгриядан әкелінген 660 мал басын бүгінде 1600-ге жеткен. Голштинофриз асыл тұқымды сиырдан 8000 литр сүт сауылып, жылына 5500 тонна сүт өндірілуде. Зауытқа қажетті құрал-жабдықтар Голландия, Ирландия, Германия мемлекеттерінен әкелінген. Зауыт бүгінгі күні ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, сыр шығарып, аймақ жұртының ықыласына бөленуде. Тіпті көрші Атырау, Ақтөбе қалаларына сатылып жатыр. Сүт өнімдерін даярлау ісі алдағы уақытта одан әрі қарқын алып, балмұздақ, йогурт, ряженка, бренза дайындау жоспарланып отыр. Аталмыш кешенде 40-тан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Тағы бір айта кететіні, облыстағы асыл тұқымды ірі қара малының 60 пайызы «РЗА» АҚ-ның үлесінде.
«Еңбек деген ерінбеген жететін байлық» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Акционерлік қоғамның жыл сайын қызмет көрсету ауқымы кеңейіп, материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Тынымсыз тірліктің нәтижесі де жоқ емес. Зауыт өнімдері 2011 жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. «Алтын сапа» байқауында «Ірі кәсіпкерлік субъектісі» критерийінде «Халық тұтынатын тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «РЗА» АҚ жеңімпаз атанды.
Акционерлік қоғамның еуропалық стандартқа сай құрылғылармен жабдықталған өндірістік цехы 3200 келіден астам нан өнімдерін дайындаумен айналысады. Бұған қоса кондитерлік өнімдердің 40-қа жуық түрлері, тәулігіне 2 тоннаға дейін шұжық тұтынушыға ұсынылады.
Жыл сайын жанар-жағар майды ауданға жеткізетін «РЗА» акционерлік қоғамы. Жаңа типті жобамен салынған 4 май тарату бекетінде егін жинау науқанында жұмыс қыза түседі. Тіпті жанар-жағар май тапшылығына қарамастан кәсіпорын өз қарқынын бәсеңдеткен емес.
«РЗА» акционерлік қоғамы – Сыр өңіріндегі бірден-бір қуатты техникалық және өндірістік базасы, жоғары дәрежелі мамандары, бай материалдық ресурстары бар ірі мекемелердің бірі. «Еңбек еткеннің еңсесі биік» екенін осы «РЗА» акционерлік қоғамындағы тынымсыз тірліктен байқаймыз.
Бүгінгі таңда Қазалы ауданының көркеюіне, халқының әлеуметтік жағдайының жақсаруына қомақты үлесін қосып келе жатқан кәсіпорынның алдағы жоспары да ауқымды. Осының бәрі «РЗА» АҚ-ның ырысы таси беретініне дәлел болса керек.
Гүлмира ӘШІРБЕКОВА.