Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері тағайындалды. Бұл қызметке ресейлік маман Юрий Красножан бекітілді.
Жанкүйер қауым оның Ресейдің Нальчик қаласының «Спартак» командасын жаттықтырғанын жақсы біледі. 2004 жылы сол клубтың тізгінін ұстаған ол қаржылық жағынан әлеуеті төмен ұжымды өзгеше түрлендіріп, Ресейдің Премьер-лигасына алып шықты. Кабардин-Балкарияның намысын қорғаған клуб 2006-2012 жылдар аралығында үздіктер қатарында бірнеше жыл бойы ойын көрсетті. Жақсы ойын өрнегімен жанкүйер қауымды желпіндірді. Одан кейінгі жылдарда Мәскеудің «Локомотив», «Анжи», «Кубань», «Терек» клубтарын жаттықтырғанымен, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе қойған жоқ. Бүгіннен бастап енді Қазақстан құрамасына жетекшілік етеді. Бұл маманмен келісім 2+2 жүйесі бойынша жасалды. Яғни, 2016 жылғы Еуропа біріншілігіне іріктеу кезеңінде сенімді ақтай білсе, онымен келісім-шарт мерзімі тағы да екі жылға ұзартылады.