Жалағаш. Үстіміздегі жылы Жалағаш ауданындағы «Жалағаш элеваторы» ЖШС қызметін жандандыруға жергілікті бюджеттен 300 млн. теңге қаралып отыр.
Өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанынан өңірде күріш кластерін дамыту жобасы бойынша «Жалағаш элеваторы» ЖШС жарғылық каптиалындағы қатысу үлесі сатып алынғанын жұртшылық жақсы біледі. Осының нәтижесінде кәсіпорын «Агрохолдинг «Байқоңыр» ЖШС болып қайта құрылды. Былтыр аталмыш кәсіпорын «Маржан» және «Янтарь» сорттарынан 2,5 мың тоннаға жуық күріш сатып алды. Сондай-ақ, кәсіпорын 9 шаруашылыққа егін жинау жұмыстарына 94,2 млн. теңге алдын-ала берді. Қазіргі таңда сол сатып алынған күріштің 664 тоннасы ақтауға жіберілген. Сонымен қатар, кәсіпорын шаруашылықтардан күрішті сақау және өңдеу қызметін көрсету бойынша 2243 тонна күріш қабылдады.
Үстіміздегі жылы кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жаңарту және қаржылық айналымын ұлғайту мақсатында «Қазагроқаржы» АҚ-на инвестициялық жоба ұсынды. «Жалағаш элеваторын жаңғырту және Қызылорда облысында күріш кластерін дамыту» деп аталатын жобаның құны 2 271,8 млн. теңгені құрайды. Бұл қаржылар серіктестіктің айналым қорын толықтырып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге бағытталады.