
Кешелі-бүгін латын әліпбиіне негізделген әліпбидің жаңа нұсқасы қолымызға тиді. Бұл нұсқа жайында арнайы комиссия отырысында айтқан Елбасының сөзіне де куә болдық. Шынында да, халықтың талқылауына түсіп, халықтың сын-ескертпелеріне ұшыраған алғашқы нұсқаға қарағанда осы соңғы нұсқа халықтың көкейінен шығады деп ойлаймын. Олай болатын себебі, біріншіден, мұнда қазақ тіліне тән дыбыстардың бәрі толық таңбалық жағынан қамтамасыз етілген; екіншіден, төл дыбыстарымыз апостроф арқылы берілген. Осы тұста айта кететін бір нәрсе – кейбір азаматтарымыз апострофтың өзі жазуға қиындық келтіреді деп жатады. Ол дұрыс емес, себебі, апострофы бар дыбыс компьютерде бір таңба арқылы берілетін болады.
Жалпылай айтқанда, ұлттың, елдің келешегін ойлаған, көзі ашық, көкірегі ояу әр азамат ұлтымыздың патриоты ретінде латын әліпбиіне көшуді қалайтыны күмәнсіз. Бұл құптарлық та, қуанарлық та жай.
Сонымен, қазақ үшін әріп ауыстыру болмай қоймайтын құбылыс және оған латын әрпі ғана лайықты екені анықталды және оның түзетілген жаңа нұсқасы да дайын. Ендігі жерде үйрену қиындығы, қаражат қиындығы, тағысын-тағылар екінші кезекке қалдырылу қажет те, бірінші кезекте елдің, тілдің тәуелсіздігі мен содан туындайтын қажеттілік және тәуекел тұруы керек. Әрине, қай уақытта да өтпелі кезеңнің қиындығы болмай тұрмайды. Ендігі мақсат уақыт оздырмай іске кірісу.
Тағы бір ескертеріміз – әліпбиді үйретуде негізгі салмақ мектеп мұғалімдеріне, оқу орындарының ұстаздарына түсетіні анық. Сондықтан ұстаздар қазірден бастап-ақ, әліпбидің осы нұсқасын басшылыққа ала отырып, алдымен өздері, сосын біртіндеп шәкірттеріне үйрете бастағаны дұрыс болар еді. Жеңіл-желпі өзгерістерді жүре-бара үйреніп алу қиынға соқпайды.
Сондай-ақ, жаңа әліпбиге көшу кезең-кезеңмен болады дегенді желеу етпей, кез келген азамат, әсіресе жастар, осы соңғы әліпби нұсқасын үйрене отырып, өздерін осы бастан дайындай берсе, басталған істің жемісті аяқталуын тездеткен болар еді.