
2017 жылы 9875 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланса, ағымдағы жылдың 9 айында 10997 жаңа жұмыс орындары құрылды, соның ішінде 9587 тұрақты орындар. Жыл басынан жұмыс іздеуші ретінде жұмыспен қамту органдарына 22543 адам хабарласты, соның ішінен 10767 адам жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұрат Ергешбаев мәлімдеді.
Облыста 91 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, 944 жұмыс беруші 4069 бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңкеге 6392-ден астам жұмыс іздеушілер қатысып, оның 5734-не жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне жолдама берілді.
Қызылорда облысына 2017 жылға «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының жүзеге асырылуына 4,1 млрд. теңге бөлініп, қатысушы ретінде 23 мыңнан астам адам енгізілген. Жалпы хабарласқандардың 9382-і жастар болып тіркелген.
Облыс бойынша 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Мүгедектердің жеке оңалту бағдарламалардың орындалуына облыстық бюджеттен 2017 жылға 415 млн.теңгеге жуық қаражат бөлініп, 12 мыңға жуық жеке оңалту бағдарламалары орындалды.
Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдар арқылы 16 жобаны іске асырып отыр, оған бюджеттен 194 млн. теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша жағдай жасау мақсатында мемлекеттік тапсырыс негізінде Қызылорда қаласында 4, аудандарда – 14 «Инватакси» жұмыс жасайды. 1185 нысанның 926 на бейімдеу шаралары жүргізілген. 2019 жылға дейін 314 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр.