
Соңғы күндері жанар-жағармай тапшылығы мен бағасына қатысты мәселе ел ішіндегі ең талқылаулы тақырыпқа айналды. Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары А.Досжанов, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Е.Орынбаев, «ТС Оңтүстік жанармай» ЖШС-нің коммерциялық директоры Ә.Махамбетов жанармай нарығындағы қазіргі ахуал туралы баяндады.
Еліміздің Энергетика министрінің мәлімдемесіне сәйкес, жанар-жағармай өнімдерінің қымбаттауына және тапшылығына отандық мұнай өңдеу зауыттарындағы жыл сайынғы жоспарлы жөндеу жұмыстары мен Ресейдегі жанармай бағасы әсер еткен. Атыраудағы және Павлодардағы зауыттар шығаратын өнім қазір Ресейден экспортталуда.
Кәсіпкерлік және туризм басқармасы облыс аумағында бөлшек саудадағы мұнай өнімдерінің бағаларына күнделікті мониторинг жүргізуде. Оқырман қауымға 2015 жылдан бері АИ-92 маркалы бензинінің, былтырдан бері дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу алынып тасталғаны белгілі. Бүгінде бұлардың бағаларын нарық реттеуде. Тек АИ-80 маркалы бензинінің бағасы мемлекеттік реттеумен бақыланып отыр. Оның бағасы 89 теңгеден аспайды.
Жыл басынан бері ҚР Энергетика министрлігінің шешіміне сәйкес АИ-92 маркалы бензині және дизель отыны тікелей қорұстаушылар арқылы бөлінетін болып белгіленген. 10 қазандағы мониторинг мәліметтеріне қарағанда, облыста АИ-92 маркалы бензинінің орташа бағасы – 150,6 теңге, дизель отынының орташа бағасы 147,5 теңгені құрап отыр. Қызылорда қаласы мен аудандардағы мұнай өнімдерінің қорына келсек, жанар-жағармай құю бекеттерінде 2 138,6 тонна АИ-92 маркалы бензині, 1258,8 тонна дизель отыны бар. Облыс аумағында барлығы 135 жанармай бекеті жұмыс істейді.
Облыс тұрғындары бір күнде орта есеппен 215 тонна АИ-92, 133 тонна дизель отынын пайдаланады. Хабарламашы АИ-92-нің 10 күндік, дизель отынының 1 апталық қоры бар екенін айтты.
Аймақтағы ірі жанармай бекеттеріндегі бағаға тоқталып өтейік. «ТС Оңтүстік жанар май» ЖШС-ның 18 бекетінде АИ-92 – 152 теңгеге, дизель отыны 148 теңгеге еркін сатылуда. «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның Қызылорда қаласындағы 9 бекетінде, Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі және Жаңақорғанда орналасқан бекеттерінде АИ-92 152 теңгеге талонмен, дизель отыны 149 теңгеге еркін саудаланып жатыр. «Синойл» ЖШС-ның Қызылордада 8 бекеті, Сырдария, Шиелі және Жаңақорғанда бір-бірден бекеттері бар. Қазір аталған серіктестіктің облыс орталығындағы бір бекетінде АИ-92 – 152 теңгеден еркін, қалғандарында талонмен, дизель отыны 150 теңгеден еркін босатылуда. «Гелиос» ЖШС-ның Қызылорда қаласындағы 6 жанармай бекетінің біреуінде АИ-92 бензині 153 теңгеге еркін, ал қалғандарында талонмен саудаланып жатыр. Дизель отыны 148 теңгеден еркін сатылымда. «Олжас» ЖШС-ның Қызылорда қаласындағы 6 бекетінде АИ-92 – 148 теңгеге, дизель 145 теңгеге еркін сатылымда. «РК Мұнай» ЖШС-ның Қызылорда қаласындағы 3 бекеті мен Шиелі ауданындағы – 6, Жаңақорған ауданындағы 1 бекетінде АИ-92 бензині 146 теңгеден күніне 2 тонна лимитпен саудаға түсіп жатыр.
Былтыр Энергетика министрлігіндегі мәжілісте ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселелері талқыға түсіп, оның қорытындысымен өңірлік операторлар үшін АИ-92 бензині мен дизельді тікелей қорұстаушылар арқылы, ал АИ-80 бензинін жергілікті атқарушы органдар арқылы бөлу туралы шешім қабылданған еді. Қыркүйек пен қазан айларында министрлік облыс жіберген сұранысты толығымен қанағаттандырмады, яғни мұнай өнімдерін аз берді. Шілде айынан бері АИ-80 бензині бөлінбеді. Бұл тек біздің аймаққа ғана емес, республиканың барлық өңірлеріне тән жағдай.
Мұнай өнімдері жетіспегендіктен, АЗС басшылары Ресейдің Омск, Уфа қалаларынан жанармай жеткізуде. Дегенмен, облыстағы әлеуметтік нысандар, медицина мекемелері, төтенше жағдай мен өрт сөндіру қызметі мұнай өнімдерімен толық қамтылған.
М.МЕРЕЙ.