ӨҢІРЛІК ЭКСПОРТ ӨРКЕН ЖАЮДА

«Аусылдан таза аймақ» атанғалы Қызылорданың төрт түлігі қыр асатын болды. Мұндай мәртебе осы мамырда Парижде өткен халықаралық эпизоотиялық бюро Бас Ассамблеясының 85-сессиясында берілген еді. Сөйтіп, Иранға – 800-ден астам, Біріккен Араб Әмірлігіне 1000-ның үстінде уақ мал жөнелтілді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов Агроөнеркәсіп кешенін дамыту картасының маңызына тоқталды. Агрокарта бойынша бірінші кезекте күріш, бақша өнімдері, балық, жылқы, сиыр, қой етін сатып, үлкен табысқа кенелуге болатыны анықталды. Біздің диқандар ирандықтар сүйіп жейтін «Торем Хошеми» сортты күріш егуді бастап кетті. «Ақтөбе және К» серікестігі – 70, «Сыр маржаны» шаруашылығы 2 гектар жерге егіп, шығымын байқап көрмек. Биыл Иранға 60 тонна өнім жіберу жоспарланып отыр. 2020 жылға қарай ирандық күріш сорттарының егіс көлемі 5000 гектарға ұлғайып, бұл мемлекетке 8 мың тонна ақмаржан өткізіледі. Қазір Қытайға күріш салысын экспорттау мәселесі пысықталып жатыр. Одан бөлек, «Фарагир Инчеборон» компаниясымен Иранға қой мен мүйізді ірі қараны тірілей жөнелту жөнінде келіссөз жүргізілді. Ал бұл дегеніңіз – 4 млн доллардың шамасы.
– Биыл тамызда «Күшімбаев Агро» ауыл шаруашылығы кооперативі тірілей салмағы 26,5 тоннаны құрайтын алғашқы 812 бас қозыны Иранға экспорттады. «Ынтымақ», «Ақсеңгір», «Бақытжан» шаруа қожалықтары Жамбыл облысы арқылы Біріккен Араб Әмірлігіне барлығы 1132 бас қой жіберді. «Сыр маржаны» серіктестігі ет комбинатын салу үшін ирандық компаниямен келісім жасасып, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге кірісті. Қозы етін Біріккен Араб Әмірлігіне экспорттау мақсатында Сырдария ауданында 10 мың бас аналық қой өсіріп, жылына 250 тонна қозы етін өндіретін мал шаруашылығы кешені салынып, жұмысын бастап кетті. Алдағы уақытта аналық мал басын көбейту және экспортқа шығару мәселесі пысықталады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Шетелдіктер біздің қазы-қартамызға да құмар. Ол үшін сервистік дайындау орталығын құрып, бұл мәселенің логистикасын зерттеу керек. Жылқы еті Шығыс Еуропа елдеріне содан кейін ғана шығарылады. «Танқаман» ЖШС қазір Еуроодақ реестріне ілігіп, еурокод алуға әрекеттеніп жатыр. Сервистік дайындау орталығы, бұйырса, осы серіктестіктің базасында құрылады. Етпен бірге, шетелдіктер Сыр өңірінің көкөніс, бақша өнімдерінен де дәм тата алады.
– Мемлекеттік қолдау нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімінің сомасы соңғы 4 жылда 48 млрд теңгеден 80,6 млрд теңгеге дейін өсті. Саланың негізгі капиталына салынған инвестиция 17,7 есе артты. Мүйізді ірі қара, жылқы және түйе малының саны 1990 жылғы деңгейден көбейді, – деді С.Қожаниязов.
Брифингте ветеринария, су, балық, орман шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы саласындағы шаралар жайы да айтылды. Байқоңыр қаласында Кеңес одағының тұсынан бері жеке баспана салынбаған екен. Биыл сеңнің көбесі сөгілді. Келесі жылы көпқабатты 5 үйдің құрылысы жүргізіледі.
Мемлекеттік агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында аймақта 3 бірдей су қоймасы салынады. Бұл су тасқынының алдын алуға, су тапшылығын болдырмауға септігін тигізеді. Халықаралық Аралды құтқару қоры Арал өңірінде 36 жобаны іске асырмақ. Оның ішінде жабайы жануарларды бейімдеу орталығын құрады. «Барсакелмес» қорығында жабайы жануарларды суару үшін шағын қоймалар салып, ұңғымалар қазуды жоспарланған.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қазан 2017 г. 816 0