
Қазақ жазуын латын қарпіне негізделген әліпбиіне көшіру, сөз жоқ, қолдауды қажет етеді. Бұл мәселеге байланысты дау тудырудың қажеті шамалы деп ойлаймыз. Латын қарпінің графикалық тартымдылығының өзі, яки әлемдік деңгейдегі танымалдығы тілімізге деген қызығушылықты арттыра түсері хақ. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, ол біздің графика тарихында өткен ғасырдың 30-жылдары болған, яғни тәжірибе бар. Сол жылдары латын қарпімен жазудағы емле мәселесі де күн тәртібінде тұрды. Әліпбидің жаңа стандарты қабылданғаннан кейін кәдемізге жарары анық. Сөз тұрқы ұзын болып келетін тіліміз үшін «бір дыбыс – бір әріп» қағидаты да сол тәжірибеде орын алған, яғни ел ішінде айтарлықтай қарсылыққа душар болған диграф (бір дыбыстың екі таңбамен берілуі) мәселесі де кешегі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ұсынылған жобада оң шешімін тапты. Сырттан енген жат сөздермен бірге жат дыбыстардың енгені тарихтан баршамызға аян. Әріп саны кирилл әліпбиінде нормадан асып кеткен, заңдылығында дыбыстық (әріптік) жазу 20-40 таңба деңгейінде болу керек болса, қолданыстағы әліпбиімізде – 42. Басқа сөзді тілімізге енгізбей тұра алмаймыз. Сөздік қорымыздың айтарлықтай бөлігі араб-парсы, орыс сөздері, кейінгі кездері ағылшын сөздері көптеп еніп жатыр. Өзге сөзді А.Байтұрсынов айтқандай «быт-шытын шығарып, тілімізге ыңғайлап қайта құрастырып алармыз», бірақ жат дыбыстың тілімізге енуі – тілге жасалған қиянат, қиянат емес-ау, жаулық. Жат дыбыстардың, тіліміздің дыбыстық заңдарына қайшы дыбыстар таңбасының әліпбиде орын алуы «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп кезінде орыс миссионерлері таңдай қаққан тіліміздің әуезіне айтарлықтай нұқсан келтіреді, келтіріп те жатыр. Басқа таңбадан арылу – тіліміздің әуезділігін сақтау, «өлгенді тірілту, өшкенді жандыру», Елбасы айтқандай, рухани жаңғыру болмақ.
Жаңа нұсқа ұсынылды. Мәселеге қанық, графика деген мәселені ғылыми негіздей алатын Әлімхан Жүнісбек сынды тіл білімпаздарының пікірлері ескерілді жаңа нұсқада. Ең бастысы, «бір дыбыс – бір әріп» қағидаты сақталынды. Елбасы осы нұсқаны негізге алуды, ел арасында насихаттауды, пікірлерді есепке алуды тапсырды, сол бағытта жұмыс жасалуы тиіс, әрине, тілдің дыбыс жүйесін білетін тілші ғалымдар пікірі басымдыққа ие болғаны жөн.
Тілдің дыбыс жүйесі (фонетика) бойынша жоғары оқу орнында 30 жылдай дәріс беріп келе жатырмын. Жазу тарихын, оның ішінде латын қарпіне негізделген қазақ жазуын аз-маз зерттегенім бар. Осы салаға қатысты мәселелерді, оған қатысты Байтұрсыновтан бастап бүгінгі күнге дейінгі білімпаздар пікірімен де таныспын. Жаңа нұсқа Ахмет Байтұрсынов ұсынған 26 (28) қағидатына біршама сәйкес келеді. Маман ретінде жаңа нұсқадағы кейбір таңбаларға қатысты өз ойымызды айтып кетпесек болмас.
Тіл білімінде диффуз (ажырамаған) дыбыс, көне түркі тілі элементі болып саналатын, әдеби тілімізге жат, еліміздің оңтүстік-шығыс өңіріне ғана тән, диалектілік сипаттағы «ч» дыбысы жаңа әліпбиде орын алмаса екен дейміз. Латынның «Hh» қарпімен берілген «х», «һ» дыбыстары жазуымызда болғанымен, оны «қ» деп дыбыстаймыз, сонда оларға таңба берудің қажеттілігі қанша? Қазақ тілінде «и», «у» дауыстылары жоқ, оларды өзге дауыстылар сияқты жалаң (өзін ғана) айта алмаймыз. Сондықтан шолақ «й»-дің жанына «и»-ді қосақтаудың қажеті шамалы. «Ф» тіл мен тіс дауыссызын қазағым «п»-мен айтады, сөздік қорымызда осы әріп (біз үшін дыбыс емес) қолданылатын пәлен сөз бар деген уәж негіз бола алмайды деп ойлаймыз. «В» дыбысына келсек, қазақ Москваны әуелден-ақ Мәскеу, Европаны Еуропа деп келеді, бұны да қысқартсақ, А.Байтұрсынов айтқан 26 (28) қағидатына келе қоямыз.
Қазақ тілін түркі тілдерінің ішіндегі «ең таза тіл» деп аты мәшһүр Махмұт Қашқари өзінің «Диуани лұғат ит түрік» (Түркі тілінің сөздігі) атты еңбегінде сонау ХІ ғасырда-ақ айтып кеткен.
Ендеше, тіл тазалығына, үн тазалығына бастайтын латын қарпіне негізделген жаңа әліпбиді тілге жаны ашитын барша қауым қолдайды деп сенеміз.
Болат БОРАНБАЙ,
филология ғылымының кандидаты, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың оқытушысы.