
Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Ардақ Бейсенбайдың ойынша, латын әліпбиінің соңғы нұсқасы бұрынғысынан тиімді. Себебі, «бір дыбыс - бір әріп» қағидаты толығымен сақталып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Иә, Президентке көрсетілген латын әліпбиінің соңғы нұсқасы алдындағы нұсқадан тиімді екені анық. Себебі бұл жолы «бір дыбыс - бір әріп» қағидаты сақталған. Ұсынылып отырған нұсқаны қолдау қажет. Латынға көшу тікелей Елбасының бастамасымен қолға алынып отырғандықтан, оған дайындық мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық мақсатқа құрылып отырғаны белгілі», - деді Бейсенбай ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. Жас ғалымның айтуынша, латын әліпбиін қабылдау туралы бастама біршама уақыттан бері айтылып келеді. «Негізі, ұсыныстар қашанда айтыла береді. Ұсыныстар болды, болады да. Сондықтан латын әліпбиінің нақты бір нұсқасын қабылдау қажет. Ал оны өз тілімізге барынша бейімдеу, халықаралық кеңістікке кірігу жағын біртіндеп шеше беруге болады. Ең бастысы, төл дыбыстарымызды сақтап қалуымыз қажет», - деп атап көрсетті кафедра басшысы.