«Инфракос» ғарыш игілігіне қызмет жасайды

Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің «Байқоңыр» ғарыш айлағында орналасқан «Инфракос» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Байқоңыр» кешені  объектілері мүлкінің негізінде шаруашылық жүргізу құқығында құрылған, «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы алғашқы қазақстандық кәсіпорын болып табылады. Кәсіпорын қызметінің негізгі мақсаттары қандай? Газет тілшісі осы сауалды кәсіпорынның бас директоры Мағауия Әжмолдаевқа жолдаған еді.
– «Байқоңыр» кешенiнiң Ресей Федерациясы жалға алғандардың құрамына кiрмеген және одан шығарылған объектiлерiнiң сақталуын және тиiмдi пайдалануын қамтамасыз ету болып табылады, – деді бізбен әңгімесінде Мағауия Әділжанұлы. – Кәсіпорында еңбек қатынастарын реттеуге, экономикалық дағдарыс салдарын мейлінше жеңілдетуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп, олар оң нәтижесін беруде. Қазіргі таңда кәсіпорындағы қызметкерлер саны 170 адамға жетіп отыр.
Кәсіпорын 2008 жылдан бастап табиғатты қорғау заңнамасы талаптары мен нормаларын сақтай отырып, ғарыш айлағындағы халықтың денсаулығына әсер ететін, рұқсат етілмеген қоқыстарды жою, сонымен қатар Ресей Федерациясы жалдық құрамына кірмеген объектілерді қайта өңдеп, қалпына келтіру, табиғатты қорғау, ластанған жер учаскелерінде, экологиялық тазарту жұмыстарын жүргізуде және осы жұмыстарға республикалық бюджеттен бөлінген қаржы толық, уақытылы игерілуде.
Келешекте Қазақстан-Ресей өкілетті органдарының «Байқоңыр» ғарыш айлағы бойынша бірлескен бағдарламасы негізінде атқарылатын жұмыстарға да «Инфракос» кәсіпорны өз тарапынан атсалысатыны анық.
Мемлекеттік тапсырыстарды уақыт талабына сай орындап жүрген «Инфракос» кәсіпорнының мүмкіндігі де, әлеуеті де мол екендігін айта кетуіміз керек.
Биылғы жылы елімізде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өткізілуіне байланысты «Байқоңыр» кешенінде Қазақстан және Ресей Федерациясы Үкіметаралық шешімі негізінде жүзеге асырылған «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы Ресей Федерациясы жалдық құрамындағы пайдаланылмайтын объектілердегі аппаттық жағдайдағы ғимараттарды бұзу, кәдеге жарату, жер учаскелерін өңдеп, қалпына келтіру жұмыстарының алғашқы пилоттық жобасы бойынша 95 объектіні кәдеге жарату жұмыстары жүзеге асырылды. Осы пилоттық жобаға сәйкес жұмыстарды орындау кезінде мыңдаған тонна қоқыстар полигонға тасылып көмілді. Бұзылған, есептен шығарылған ғимараттар мен үй-жайлардың элементтері, құрылыс материалдары, жарамсыз деп танылған техникалардың жекелеген бөлшектері, пайдаланып біткен жерүсті жүйелерінің металл сынықтары сатуға шығарылды және сатудан түскен пайдадан мемлекеттік бюджетке миллиондаған теңге қаржы аударылды. Әрине, ол теңізге тамған тамшыдай болғанымен, ғарыш айлағында экологиялық іс-шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде мүмкін болды.
Осы жұмыстар алдымыздағы 2018-2020 жылдары да жалғасын табады деп күтілуде. 2016 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын өзіне тапсырылған міндеттемелерді толығымен орындап шықты.
«Инфракос» РМК Байқоңыр ғарыш айлағындағы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс атқаратын шаруашылық жүргізу құқығындағы бірден-бір кәсіпорын болғандықтан, еңбек ұжымы қызметкерлерінің ендігі мақсаты өндірістік технологияны қазіргі заман талабына сай жаңғыртумен қатар, кәсіби шеберліктерін үздіксіз арттыра беруді өзінің негізгі мақсаты деп есептейді.
«Байқоңыр» кешенiнiң Ресей Федерациясы жалға алғандардың құрамына кiрмеген және одан шығарылған объектiлерiнiң сақталуын және тиiмдi пайдалануын қамтамасыз ету бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасының ғарыш айлағындағы дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Құны миллиондаған сомаға бағаланатын материалдық құндылықтардың талан-таражға түспеуіне кәсіпорын күзет қызметі жауапты.
Бізде кәсіпорын жастарының келешекте еліміздің қоғамдық өміріне араласып, Қазақстанның әлемдік аренадағы өз орнын иеленуіне септігін тигізетін миллиондаған жастарымыздың қатарынан көрінетініне сеніміміз мол.
Сонымен қатар, кәсіпорын жастары спорттық жарыстарға да қатысып, жүлделі орындар иеленгені үшін талай мәрте қала басшылығының кубогімен және грамоталарымен марапатталған.
Байқоңыр қаласы, одан әрі Қызылорда облысы төңірегінде өткізілетін жарыстарға қатысып, ойын көрсететін «Инфракос» кәсіпорны командасы марапаттан құралақан қалған емес. Осы орайда кәсіпорын футбол командасының Қазғарыш Төрағасының кубогін үш рет иеленгені және үш рет жүлделі екінші орыннан көрінгендігін де айта кетуім керек.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің тапсырмасына сәйкес, ғарыш саласы қызметін дамытуды насихаттау мақсатында Байқоңыр қаласындағы №273 қазақ тіліндегі орта мектеппен «Инфракос» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны арасындағы ынтымақтастық орнату бойынша 2017-2018 оқу жылына жұмыс жоспары жасалынып, бекітілді.
Кәсіпорын қызметкерлері жыл сайын Байқоңыр қаласында және Республикалық деңгейде өткізілетін «Қамқорлық», «Мектепке жол» қайырымдылық акцияларына қатысып, өз қаражаттары есебінен ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушыларға материалдық көмек көрсетіп келеді.
Өз міндеттемелерімен қатар, қоғамдық жұмыстарға, спорттық жарыстарға белсене қатысқандары және ғарыш айлағының дамуына қосқан үлестері үшін көптеген қызметкерлеріміз мемлекеттік наградалармен, мерекелік медальдармен, төсбелгілермен, құрмет грамоталарымен марапатталған. Кәсіпорын қызметкерлерінің осы жетістіктеріне қарай отырып, кәсіпорында ынтымағы берік, кез келген тапсырманы уақытылы, сапалы орындай алатын ұжымның қалыптасқанына сенімдіміз.
Үстіміздегі 2017 жылғы қазан айының 19-20 күндері Астана қаласында Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұйымдастыруымен «Ғарышқа қазақстандық жол: нақты істер және перспективалар – 2017» Халықаралық форумы өтеді.
Жер спутнигі ұшырылуының 60 жылдығына арналған осы форумға алыс-жақын шетелдерден көптеген қонақтар келеді деп күтілуде.
Халықаралық форумда соңғы он жылдағы ғарыштық қызметтің қорытындылары, Қазақстан Республикасының ғарыштық саласының даму перспективалары қаралады.
Халықаралық форумды өткізу отандық және әлемдік ғарышкерліктің жетістіктерін кеңінен таратуға, Қазақстандық ғарыштық жобаларының инвестициялық тартымдылығы дамуына, әлеуетті тұтынушыларды Қазақстан Республикасының ғарыштық кәсіпорындарды ұсынатын қызметтерді тартуға жәрдемдеседі. Қорыта айтқанда, кәсіпорын ғарыш игілігі үшін қызметін жандандыра беретін болады.

Әңгімелескен Ж.ӘЛМАХАН.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қазан 2017 г. 652 0