«АЛТЫН КҮЗ» СПАРТАКИАДАСЫ

Жалағаш ауданында ХХХІ облыстық «Алтын күз-2017» спартакиадасы өтті. Дүбірлі додада барлық ауданнан келген 910 спортшы бақ сынасты.
Алдымен орталық стадионға жиылған көпшілік салауатты өмір салтын насихаттаған жастардың флешмобын тамашалады. Мұнан соң, дүбірлі додаларда ел мерейін үстем еткен ауданның ардагер спортшылары, №13 олимпиадалық резервті мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің шәкірттері, «Наркескен» спорт клубының, Мәдениет ауылындағы №14 спорт мектебінің спортшылары, көкпаршылар, велошабандоздар, шеруі өтті. Мұнан кейін, көпшіліктің қошеметімен әр өңірден келген командалар ортаға шығып, жасыл алаңда сап түзеді. Шара барысында аудан әкімі Талғат Дүйсебаев күзгі спартакиаданың ашылу салтанатымен құттықтап, барлық ауданнан келген қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мұнан соң, ардагер ұстаз, спорт шебері Сұлтан Бекжанов бастаған меймандар спорт жарысының жалауын көтеріп, Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жерлесіміз Жақсыбек Жеңісбек спартакиада алауын жақты.
Келесі күні спортшылар футбол, волейбол, гандбол, жеңіл атлетика және президенттік көпсайыс түрлері бойынша өзара бақ сынасты. Олар 15 спорт түрі бойынша өнер көрсетті.
Төрт күнге созылған аламан бәйгені қорытындылаған спартакиаданың бас хатшысы Ғ.Сиқымов жарыс жеңімпаздарын марапаттады. Нәтижесінде, командалық есепте 113 ұпай иеленген Шиелі ауданы жарыс жеңімпаздары деп танылып, кубокті жеңіп алды. Ал, жүлделі ІІ орынды 107 ұпаймен Сырдария ауданы иеленсе, келесі орынды 99 ұпаймен Жаңақорған ауданының құрама командасы қанжығасына байлады. Салтанатты жиын соңында Жалағаш ауданының құрама командасы спартакиада жалауын Жаңақорған ауданынан келген спортшыларға табыстады.

Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қазан 2017 г. 562 0