БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ БЕЛГІЛІ ӨКІЛІ

Жаңақорған аудандық Мәдениет үйінде ақын, жазушы Адырбек Сопыбековтің 80 жылдығына арналған «Сырдың азаматы – өнердің қазанаты» атты мәдени шара өтті. Балалар әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар Адырбек ақынды еске алу шарасы облыстық жазба ақындардың мүшәйрасы және әдеби оқулар байқауынан бастау алды. Жас ақындар өз өлеңдерін арнап, Сопыбеков салған соқпаққа соны із салды.
Ал ертесіне ақын Адырбек Сопыбековтің 80 жылдығына арналған тарихи-өлкетану музейі мен аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған кітап және сурет көрмесімен танысуы әсерлі басталды. Адекеңмен қатар еңбек еткен аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің бұрынғы редакторы, жазушы Айдархан Бибасаров және басқалар естеліктер айтса, сол күні ақынның бұрын  жарық көрмеген туындылары мен ол туралы жазылған естеліктері жинақталған «Мәңгілікке дейінгі жол» атты жинағының тұсаукесері өткізілді. Осы жинақтың құрастырылып, жарық көруіне бас-көз болып жүрген Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры, ақын Қаршыға Есімсейтова шараны жүргізіп, туындыны жұртшылыққа таныстырды.
Оқырмандар мол жиналған еске алу шарасын елімізге танымал сықақшы, публицист Көпен Әмірбеков мәнді де мазмұнды етіп жүргізді. «Қаламгер әдебиетке тек шығармасымен ғана емес, мінезімен де сіңісуі керек» деген ұлылардың ұлағатты сөзімен бастаған жүргізуші Адырбек Сопыбековтің бала мінезді балалар ақыны екендігін еске сала отырып, аудан әкімі Ғалым Әміреевке сөз берді. Ақын мұрасының қазынаға айналғандығын айтқан әкім, Адекеңнің жары Шәрипаға сый-сияпат жасады. Ақынның әріптес інісі, сазгер Сауран Елеуов Сопыбековтің сөзіне жазылған әнін орындады. Жазушы Жанат Ахмади, ақын Бақтыбай Айнабеков, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкіров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинабдин Шермағанбетов естеліктер айтса, ардагер Ізәтіллә Нәрзілдаев арнау өлеңін оқыды.  
Жиын барысында жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Бас жүлде – шиелілік Бекжан Ержігітке берілсе, 1-орын Бекмұрзаев Тұрарға (Қармақшы ауданы), 2-орын Мұстафаев Ерсұлтанға (Жаңақорған ауданы), 3-орын Қыстаубаев Алтынбекке (Арал ауданы) тапсырылды.
Әдеби оқулар байқау қорытындысы мына төмендегіше; бас жүлде – Әшім Ақжүніс, (Жаңақорған ауданы), 1-орын Қанат Ержан, (Қазалы ауданы), 2-орын Алмас Маратұлы (Шиелі ауданы), 3-орын Ералы Қасиет (Жаңақорған ауданы).
Еске алу кешін аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары ән мен әрлеп, тартымды етті.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қазан 2017 г. 944 0