ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМГЕ СҰРАНЫС МОЛ

Өткен сенбі күні жалағаштықтар облыс тұрғындарына ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды. Аудан еңбеккерлері ұсынған көкөністер қызу саудаға түсіп, басым бөлігі ертемен-ақ сатылып кетті. Әсіресе, қыстың қамын жаз ойлаған ағайындар тосап қайнатуға көкөністер мен жеміс-жидектерді молынан алуға тырысты

Жәрмеңке өтетін межелі орынға жағалай орналасқан ауыл шаруашылығы тауарын сатушылар тұтынушыларға жоғары сапалы қызмет көрсетті. Ауылдан әкелінген 6 тонна ақ күріш, 2 тонна ақ ұсақ, 2 тонна күріш қалдығы, 15 тонна картоп, 5 тонна қырыққабат, 9 тонна сәбіз, 3 тонна қызылша, 8 тонна жуа, 2 тонна асқабақ, 4 тонна қызанақ, қияр, қауын-қарбыз секілді бақша өнімдері және 3 тонна жүзім, 3 тонна алма, 1 тонна алмұрт секілді тағы басқа да жеміс-жидектер, сонымен бірге, 1 тонна балық, бордақыланған қой, тоқты, 1 тоннадан астам сиыр еті мен жылқы еті және сүт өнімдері мен мал азықтары қала тұрғындарына ұсынылды. Жалпы,  барлығы  13  млн теңгенің  азық-түлігі  төмен  бағамен  саудаға  түсті.

– Бүгін қала тұрғындары мен қонақтарына арнап Жалағаш ауданының еңбеккерлері жәрмеңке ұйымдастыруда. Жыл сайын аудан азаматтары қала орталығында осындай шараны ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Осы бір игі бастаманың биыл да жалғасын тауып жатқанына біз де ризамыз. Жаз бойы жалағаштықтардың егіс алқабында төккен тер, еткен еңбегінің еш кетпегеніне біз бүгінгі жәрмеңке де көз жеткіздік. Себебі, тұтынушыларға ұсынылған ауыл шаруашысылы саласының әрбір өнімінің сапасы жоғары. Бір жағынан қалтаға да тиімді болып отыр. Олай дейтінім, мұндағы өнімдер нарықтық бағадан әлдеқайда төмен  сатылуда. Бір сөзбен айтқанда аудан еңбеккерлерінің қатысуымен өтетін бұл жәрмеңкеде тұрғындар қалаған өнімдерін қол жетімді бағада сатып алуда. Игі бастама алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп ойлаймыз, – деді қала тұрғыны Ақмарал Рысбаева.

Таңсәріден кешке дейін, сауда қызып, қалалықтар үйлеріне олжалы қайтты. Ауылдан жүк артып келген диқандардың да көңілі жайлы. Өйткені, тауарларының 90 пайызы сатылып кетті. Осылайша, жалағаштық диһандар баптаған өнімдер арзан бағамен өз тұтынушысына жетті. Айта кетейік, мұндай жәрмеңке облыс орталысында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қала халқы асыға күтетін жергілікті өнім алдағы уақытта да шаһар төріне жол тартпақ.


Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,

Жалағаш ауданы

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2017 г. 509 0