“АЛТЫН КҮЗ” СПАРТАКИАДАСЫ ӨТТІ

Жалағаш ауданыңда ХХХІ-ші облыстық «Алтын күз – 2017» спартакиадасы өтті. Дүбірлі додада барлық ауданнан келген 910 үздік спорт шебері бақ сынасты.

 Елбасы салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында бұқаралық спортты дамытуға ай­ рықша көңіл бөліп келеді. Со­ның ішінде ауылдық жерлерде жастардың жаппай спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалуда. Қазіргі таңда ауданда заманауи құрылғымен жабдықталған спорт мектептері мен дене шынықтыру залдары бар. Салауатты өмір салтын ұстанамын деушілерге спорт залдар мен алаңдарда төмендегі жағдай жа­ салған. Бүгінгі таңда ауданның 10 мыңға жуық тұрғыны бұқаралық спортпен тұрақты айналысады. Оның ішінде өңірде жаттығып, республикаға танылған спортшылар да бар.

Алдымен, орталық стадионға жиылған көпшілік салауатты өмір салтын насихаттаған жастардың флешмобын тамашалады. Мұнан соң, дүбірлі додаларда ел мерейін үстем еткен ауданның ардагер спортшылары, жас спортшылар, №13 олимпиадалық резервті мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің шә­кірттері, «Наркескен» спорт клу­ бының спортшылары, Мәдениет ауылындағы №14 спорт мектебінің спортшылары, көкпаршылар, велошабандоздар, республикаға танымал ауданнан шыққан белгілі спортшылар шеруі өтіп, ала допты ырығына көндірген жастар мен былғары қолғап шеберлері өнер көрсетті. Мұнан кейін, көпшіліктің қошеметімен әр өңірден келген командалар ортаға шығып, жасыл алаңда сап түзеді. Шара барысында аудан әкімі Талғат Дүйсебаев күзгі спар­ такиаданың ашылу салтанатымен құттықтап, барлық ауданнан келген спортшыларға сәттілік тіледі.

Мұнан соң, ардагер ұстаз, спорт шебері Сұлтан Бекжанов бастаған меймандар спорт жарысының жалауын көкте желбіреткен соң, облыстық спартакиаданың алауы жағылды. Бұл құрметке Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жерлесіміз Жақсыбек Жеңісбек ие болды.

Келесі күні спортшылар футбол, волейбол, гандбол, жеңіл атлетика және президенттік көпсайыс түрлері бойынша өзара бақ сынасты. Айта кетейік, ауданда өткен бұл спартакиадаға қатысушылар бірнеше күн бойы 15 спорт түрінен өнер көрсетті. Барлық команда да жарыста үздік өнер көрсетуге тыңғылықты дайындалған.

Төрт күнге созылған аламан бәйгеде спортшылар өздерінің шапшаңдықтары мен қайсарлықтарын дүйім жұртқа паш етті. Облыстық спартакиадасын қорытындылаған спарктакиаданың бас хатшысы Ғ.Сиқымов байрақты бәсекеде өз шеберліктерімен көзге түсіп, топтан оза шапқан жарыс жеңімпаздарын марапаттады. Нәтижесінде, командалық есепте 113 ұпай иеленген Шиелі ауданы жарыс жеңімпаздары деп танылып, спартакиада кубогын жеңіп алды. Ал, жүлделі ІІ орынды 107 ұпаймен Сырдария ауданы иеленсе, келесі орынды 99 ұпаймен Жаңақорған ауданының құрама командасы қанжығасына байлады. Салтанатты жиын соңында Жалағаш ауданының құрама командасы спартакиада жалауын Жаңақорған ауданынан келген спортшыларға табыстады.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,

Жалағаш ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2017 г. 772 0