
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жиында латын графикасына арналған қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартының жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті мемлекеттік тіл реформасы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының аса маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.
«Қазір қоғамда қазақ тілінің жаңа әліпбиінің мәселесі қызу талқыланып жатыр. Оған көп адамдар қатысты. Латын графикасына өту идеясы еліміз сонау тәуелсіздік алған кезеңде туған. Қазақ жазуын латынға ауыстыру қашанда менің айрықша бақылауымда болды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы латынға өту процесінің тарихи маңызын атап көрсетті және бұл мәселе бойынша келісілген шешім қабылдаудың маңыздылығын айтты.
«Әлемде ешбір ел жаңа әліпбиін бүкіл халық болып талқылаған емес. Бізге әр адамның пікірін білу маңызды. Латынға көшу мәселесіне қатысты Президент Әкімшілігіне 300-ден аса ұсыныс түсті. Жастардың бұл процесте қолдағаны қуантады», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жетекші қоғамдық ұйымдардың, ғылыми орталардың және жалпы жұртшылықтың қазақ тілінің жаңа әліпбиі жобасын талқылауға белсенді қатысқанына назар аударды. Кездесу кезінде Мемлекет басшысына жасалған жұмыстардың нәтижесі туралы А.Байтұрсынов атындағы тілтану институтының жетекшісі Ерден Қажыбек және Ш.Шаяхметов атындағы республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов баяндады. Кездесуге қатысушылардың есебі мен пікірін тыңдап болған соң, Қазақстан Президенті айрықша назар аударуды талап ететін мәселелерге тоқталды.
«Жасалған жұмыстың негізгі бағыттарын, жалпы алғанда, қолдаймын. Жобаны іске асыру кезінде әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды. Дегенмен, қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстыру процесі кезінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыра беру қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы реформа басқа тілдердің дамуына зиян тигізбеуі керектігін және азаматтардың құқығын бұзбауы тиіс екенін айрықша атап көрсетті.
«Қазақ тілін латынға ауыстыру орыс тілділердің, орыс тілінің және басқа тілдердің құқығына ешқандай нұқсан келтірмейді. Орыс тілі кирилл жазуында қала береді. Жаңа әліпбиге өту қазақ тілін үйренуді жеңілдетеді», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев латынға өтудің айтарлықтай күрделі процесс екенін, оның мақсаты қазақ тілін ары қарай дамытып, әлемдік ақпараттық кеңістікке қосуға жағдай жасау екенін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін әдістемелік база жасау және мұғалімдерді дайындау қажеттігін айтты.Үкіметке оны кезең-кезеңмен енгізу жоспарын жасауды тапсырды.
Сөз соңында Қазақстан Президенті қазақ әліпбиі реформасын жүзеге асыруды қолдағаны және белсене қатысқаны үшін барлық қазақстандықтарға, ғалымдарға және тіл мамандарына алғыс айтты.