Облыстық музей жұмысымен танысты

Аудан әкімі Ғанибек Қазантаевтың бастамасымен атқарушы билік өкілдері мен аудан ардагерлерінен жасақталған топ облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, мекеме жұмысымен танысты. Топ мүшелері тарихи жәдігерлерді көзбен көріп, егемен елдің өткені мен бүгінінен сыр шертетін құнды материалдар туралы мәліметтер алды.
Аудан басшысы Ғанибек Қазантаев бастаған сырдариялық делегацияны облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Бахыткүл Бекпамбет қарсы алды. Мекеме басшысы аудан әкімінің тың бастамасына ризашылығын білдіріп, музейге құрметпен қарағаны үшін алғыс айтты. Мұнан кейін облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялық-көпшілік бөлімінің басшысы Эльзира Сағитжанова ауданнан келген топқа музейдің ішін аралатып, құнды дүниелермен таныстырды.
Сыр бойының өткені мен бүгіні жайлы баяндайтын мәдениет орталығы болып табылатын облыстық тарихи-өлкетану музейі 1953 жылы салынған архитектуралық ескерткіштердің бірі. 2015 жылы облыстық музейде реконструкция және реэкспозиция жұмыстары жүргізіліп, музей жаңа заманауи кейіпке енді. Соның негізінде музей жанынан «Ақмешіт» музейі және «Көркемсурет» галереясы ашылды. Осы және басқа да мәліметтер жөнінде кеңінен айтқан бөлім басшысы Э.Сағитжанова қазіргі таңда музей қорында 55416-ға жуық экспонат бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, музейдің кіріспе залынан бастап барлық бөлімдерді кеңінен таныстырды.
Іскерлік байланыстар негізінде тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Ғ.Қазантаев Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласынан туындаған маңызды міндеттері жүзеге асыру және еңбек майталмандарына құрмет көрсету бағытында алдағы уақытта аудан орталығындағы саябақта аудандық музейдің «Еңбек даңқы залы» филиалы ашылатынын атап өтті. Осы жұмыстарды сапалы үйлестіру керектігін айтып, бірлесе жұмыс жасаудың тиімділігіне тоқталды. Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысына жоғары баға беріп, музейді аралауға мүмкіндік жасаған аудан басшысына алғысын айтты. Экскурсия соңында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Б.Бекпамбет соны серпілістерге толы Сырдария ауданымен бірлесе еңбек етуге ұжым қызметкерлерінің дайын екенін жеткізді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2017 г. 602 0