СЫР КҮРІШІНІҢ КЕЛЕШЕГІ ЗОР

 Сыр өңірі ежелден ақ күріштен даңқы шыққан аймақ. Бүгінгі таңда күріш дақылын өсірудің өзіндік дәстүрі қалыптасқан десе болады. Сондықтан өңір әлеуетінің артуы, ауыл адамдарының әл-ауқатының жақсаруы, жалпы аймақтың дамуы осы саланың өркендеуіне байланысты.  Елбасы облысымызға келген сапарында осы саладағы қол жеткізген табыстарымызға оң бағасын берді.
Әлемдік нарық саясатына бейімделе отырып, бүгінде күріш шаруашылығын әртараптандыру мәселесіне де мән беріле бастады. Яғни күріштің экспортқа бағдарланған жаңа сорттарын өсіруге басымдық берілуі тиіс. Қазіргі таңда Сыр өңірінде өндірілген күріштің үштен бір бөлігі Қазақстанды қамтамасыз етуге жеткілікті. Сол себепті өндірілген өнімнің қалған бөлігін өзге елдерге экспорттау бағытында жұмыстар жүргізілуі тиіс.
Ал бақша дақылдарын өсіруде соңғы жылдары айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Айталық, «Қызылорда қауынының» бағы қайта өрлеп, экспорттық әлеуеті артып отыр.  
Аймақтың тыныс-тіршілігінің ауқымды бөлігі ауыл шаруашылығына негізделген. Сол себепті біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығын жоғары тиімділікке жеткізіп, оны қайта өңдеу секторына көшіру арқылы экспортқа шығару. Бұған бізде толық мүмкіндік бар.
Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстан мұнай, тұз бен шағын көлемде күріш, балық өнімдері экспортталатын болса, тек соңғы 4 жылдың ішінде күріш экспорты 28 пайызға,  ал балық экспорты 8 еседен жоғары өсті.
Елімізде кәсіпкерлікті кешенді дамыту жөнінде бірқатар бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану арқылы біз өз кәсібіміздің әлеуетін көтеріп, нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Алдағы уақытта да аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалының артуына аталған саладағы серпінді тірліктің септігі мол деп ойлаймын.  

Имамзада ШАҒЫРТАЕВ,
 «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы, облыстық мәслихат депутаты.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қазан 2017 г. 835 0