
Еліміздегі материалдық және рухани мәдениетімізді зерделеуге, тарихымызды түгендеп түлетуге, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, насихаттауға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облысымыздың мәдениет және өнер мекемелерінде бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірқатарына сөз арнамақпыз.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сұраныстарын қамтамасыз ету мақсатында облыстық зағиптар және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханада дыбыс жазу студиясы ашылғанынан хабардармыз. Шын мәнінде бұл аймағымыз үшін тың әрі сауапты бастама. Қазіргі таңда осы студиядан белгілі ақын-жазушылардың кітаптары брайлша және дыбыстау түрінде қайта басып шығарылып отыр.
«Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық жобасы аясында еліміз бойынша 100 макросакралды киелі орындар іріктеліп, оған облыс бойынша республикалық маңызы бар 10 нысан – Сығанақ, Жанкент, Шірік Рабат, Жент қалашықтары, «Қорқыт ата» ескерткіш кешені, Оқшы ата, Төлегетай-Қылышты ата, Қорасан ата кесенелері, Бегім ана мұнарасы және Қызылорда қаласындағы «Христос спаситель» шіркеуі Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізілді. Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілсе, биылғы жылы Сортөбе, Жент қалашықтары мен Кердері кесенесіне қазба жұмыстары түсті.
Алашорда қозғалысының 100 жылдығына орай мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайға Қызылорда қаласында ескерткіш орнатылды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауынан туындайтын басым бағыттардың бірі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Электронды архив», «Электронды кітапхана» ақпараттық жүйелерін қалыптастыру, жетілдіру, азаматтардың тиісті ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні облыс бойынша өлкетану бағытындағы 3796 кітап, 6 газет топтамасы цифрлы форматқа көшірілсе, архив құжаттарының 73 мың 154 сақтау бірлігінің 10 млн 542 мың парағы цифрлы форматқа көшіріліп, сақтандыру қорлары жасалды. 4 млн 507 мың дананы құрайтын облыс кітапханаларының қоры биылғы жылы 3 мың 900 дана, ал мемлекеттік тапсырыспен 14 мыңға жуық жаңа әдебиеттермен толықтырылған.
Көрушінің, әсіресе жас ұрпақтың рухани сұранысын өтейтін орын – музей десек, қателеспейміз. Облыс музейлерінің қорында барлығы 127 мың 807 экспонат бар. Жыл басынан 1665 экспонат жинақталып, оның ішінде облыстық музей қоры 436 жаңа экспонатпен толықтырылған. Ол экспонаттар арасында ХХ ғасырдағы зергерлік бұйымдар, музыкалық аспаптар, этнографиялық бұйымдар – киіз үйдің жабдықтары сияқты жәдігерліктер бар.
Жалпы облыс мәдениет үйлері мен клубтарда 5035 мәде¬ни ша¬ра өт¬кізілген. Жыл басынан бері өнердің түрлі жанрлары бойынша 14 облыстық, 2 аймақтық байқау-конкурстар ұйымдастырылып өткізілген. Ақын Зейнолла Шүкіровтің 90 жылдығына арналған жыр мүшәйрасы, Елбасы Жолдауын насихаттауға арналған мәдени үгіт-бригадаларының және клуб қызметкерлерінің байқауы, «Бозторғай» балалар шығармашылығы мен балалар тақырыбына ән жазатын композиторлардың конкурстары және «ЭКСПО қарсаңындағы Қызылорда» атты облыстық әуесқой кино-фото түсірушілердің байқауы, фольклорлық ансамбльдердің байқауы, бас шаһарымыздың 200 жылдығы қарсаңындағы «Жайнай бер, Қызылорда!» атты республикалық суретшілер симпо¬зиумы осындай мәдени мерекелер ішіндегі ірі шаралар болды.
Сондай-ақ, жас таланттар мен өнерлі бүлдірішіндер де республикалық, халықаралық деңгейде өткен байқауларға қатысып, үлкен жетістіктерге жетіп келеді.
Атап айтар болсақ, Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі балалардың «Шаг навстречу» деп ааталатын халықаралық шығармашылық фестиваліне №6 есту қабілеті бұзылған балалардың арнайы мектеп-интернатынан 4 өнерпаз қатысып, ым тілінде ән айту мен халықтық орындау жанры бойынша жас ерекшеліктеріне қарай 4 талапкердің барлығы да жүлделі І орындары иленді.
2017 жылдың тамыз айында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қ.Ақдәулетова жетекшілік жасайтын облыстық балалар студиясының 7 өнерпазы Болгария елінде өткен халықаралық балалар шығармашылығына арналған екі конкурсқа қатысып, барлығы да өнер бәйгесінің бас жүлдесі мен 1-ші, 2-ші орындарын иеленді.
Биылғы тамыз айында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында Қызылорда облысының мәдениет күндері өткізілгеніне куә болдық. Күндер бағдарламасы бойынша Астана қаласындағы бірқатар мәдениет орындары мен демалыс саябақтарында театр қойылымдары мен шығармашылық ұжымдардың концерттері ұйымдастырылды.
«Этноауыл» ұлттық-мәдени кешеніндегі «Сыр шежіресі» атты көрмеде өңіріміздің қолөнер шеберлері 10 күн бойы сату-көрмелерін өткізді.
Түркітілдес елдердің ұлттық музыкалық өнерін дәріптей отырып, өзара мәдени қарым-қатынасы мен байланысын нығайту, қайталанбас өнерінің озық үлгілерімен жұртшылықты таныстыру және кеңінен насихаттау мақсатында қыркүйек айының 27-29 күндері Қызылорда облысы әкімдігі және Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының қолдауымен түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі талғампаз Сыр елін рухани қуанышқа кенелтті.
Рухани жаңғыруға қатысты өңірімізде жүргізіліп жатқан жобалардың іске асуына мәдени мекемелердің қосып отырған үлесі үлкен. Өйткені, мәдениет қызметкерлеріне бұл жолда өзіне артылар салмақтың жүгі ауыр.
Д.АЯШҰЛЫ.