Өрт қауіпсіздігі айлығы

Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің «112», «101» байланыс нөміріне 389 рет өрт оқиғасы туралы хабарлама түскен. Осы өрттің алдын-алу және болдырмау мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыс бойынша рейдтік іс-шараларды, үгіт-насихат жұмысын жүргізуді жалғастыруда. Өйткені, «Әрқайсысымыздың міндетіміз - өрт қауіпсіздігін сақтау және өрттің шығуына жол бермеу» екендігін ешқашан естен шығармауымыз қажет.
2 қазанда сағат 08 сағат 35 минутта жедел жәрдем қызметінен Махамбет ауылының Амангелді көшесінің 29/2 үйдің тұрғындары көмір-қышқыл газынан уланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Үй иесінің айтуы бойынша кеше кешкісін пешке от жағылған. Нәтижесінде отағасы екі баламен қалалық ауруханаға жетіп, дәрігерлердің қабылдауында болды. Дәрігерлердің айтуынша 2014 жылы және 2012 жылы туған балалардың жағдайлары тұрақты. Сондықтан үйіне қайтарылды. Ал анасы қалалық ауруханада емделуде.
4 қазанда 08 сағат 40 минутта Қызылорда қаласы, Иіркөл жеке тұрғын үйдің пешінің ақауынан көмір қышқыл газына уланған 2017 жылы туылған сәби облыстық балалар ауруханасының педиатрия бөліміне жатқызылды.
Осы оқиғалардан байқағанымыздай пешке от жағарда қауіпсіздік ережесін сақтау қажет. Өйткені, өрт болмай-ақ көмір-қышқыл газына улану оқиғасы орын алуы мүмкін. Үйдегі ауаны тазартып отыру керек. Құрметті тұрғындар! Сондықтан да пеш жағуда барынша қауіпсіздік ережесін сақтаңыздар. Өз өміріңіз бен жақындарыңыздың денсаулығы өз қолыңызда екендігін бір сәтке де естен шығармаңыздар.
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті және «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері 2017-2018 жылдардың жылу беру кезеңінде өрттерде адамдардың өлімі мен жарақаттануын болдырмау мақсатында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» аясында Қызылорда қаласы бойынша тұрғын секторларға, Қызылорда қаласына қарасты шет аймақ тұрғындарына, Тасбөгет, Абай, Қарауылтөбе және Талсуат елді мекені көшелеріне үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Үгіт-насихат жұмыстары 3165 тұрғын үйге жүргізілді. Ондағы адам саны – 17475. Таратылған үнпарақ саны – 4234 дана болды. Осы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қазан 2017 г. 593 0