Құтқарушы – фельдшер

Адам жанының арашашысы бола білген ақ халатты абзал жандар құтқарушылардың арасында да бар. Тән саулығын  емдей отырып, жанынан жылулық есіп, науқастың дертіне шипасын дарытып, адам өмірінің арашашысы бола білген әріптестеріміз «Апаттар медицинасы орталығы»  облыстық филиалында еңбек етуде.  
Филиалдың негізгі жұмысының бірі күре жол медициналық бекеттерінің қызметін үйлестіру. Ел мен елді, жер мен жерді байланыстыратын жердің қан тамыры болып есептелетін күре жол байланысының қауіпсіз болуы аса қажет. Күн сайын мыңдаған адам жол бойында сапар шегіп кетіп бара жатады. Ал, жолда адам болған соң  ауырып қалуы немесе жол-көлік оқиғасына ұшырау қаупі жоқ дей алмаймыз. Осы ретте алғаш болып медициналық  көмек беретін күре жол медициналық бекеттерінің мамандары. Облысымызда осындай бекеттер үшеу – Шиелі, Қармақшы, Қазалы аудандарының тұсында бар.
Сондай ақ халатты абзал жанның бірі - Ықыласов Бақытжан Әбдіхалықұлы. Ол 1973 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1980 жылы №235 орта мектепке барып, 1988 жылы №173 орта мектептің 9 сыныбын «Үздік куәлікпен» бітіріп, Қызылорда қаласындағы медициналық колледжіне «Емдеу ісі» факультетіне түсіп, 1992 жылы аталған оқу орнын  жақсы бағамен бітірген. Мектеп қабырғасында және медициналық колледжде оқып жүрген кезеңде ғылыми-зерттеу конференциясына және қоғамдық жұмысқа белсене қатысқан. Еңбек жолын Облыстық денсаулық орталығында 1992 жылдан фельдшер болып бастаған. 1992 жылдан 2013 жылға дейін Қызылорда қалалық жедел медициналық  жәрдем стансасында фельдшер-субординатор болып еңбек етті. Еткен еңбегі еленіп, қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы әкімшілігі, қалалық денсаулық сақтау бөлімі, облыстық денсаулық сақтау департаменті, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан 2008 және 2011 жылы «Алғыс хаттармен» және дипломдармен  марапатталды. Жұмыс барысында емделген адамдардың алғысына бөленіп, «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінде ол туралы талай айтылып, бірнеше мақалаға арқау болды. 2013 жылдан ҚР ІІМ ТЖК «Апаттар медицинасы орталығы» ММ аға фельдшер қызметіне ауысып, еңбек етуде. Қызылорда облыстық ТЖД ұйымдастырған  «Үздік медицина қызметкері» байқауында жүлделі ІІІ орынды иеленді.
«Отбасымда үш балам бар. Жұбайым Қошқарбаева Гүлзада - Жедел жәрдем стансасында қызмет жасайды. Ұлдарым Бекнұр- «Қазақтелеком» АҚ мекемесінде жетекші маман, Нұртөре – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің студенті, қызым Нұрай- №3 мектеп- лицей оқушысы»,-деді  әңгіме барысында Бақытжан Әбдіхалықұлы.
Алда келе жатқан құтқарушылар күні қарсаңында ақ халатты абзал жан әріптесімізге  зор денсаулықта болуына, қызметте абырой биігінен көрінуіне тілектестік білдірдік.

Айгүл Нұрманова,
Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қазан 2017 г. 524 0