Біртанов ұшақ апаты жайында: Дәрігерлеріміздің алдында бас иемін

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кеше АН-28 ұшағы апатынан қаза тапқан дәрігерлердің жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Министр қайғылы оқиға туралы фейсбуктегі парақшасында жазды. «Қымбатты достар және әріптестер, Қазақстан медицинасы орны толмас қазаға душар болды. Қызметтік міндетін орындау кезінде екі әріптесіміз қаза тапты. Жоғары білікті дәрігерлер – 20 жылдық еңбек өтілі бар акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының докторы Талған Анапиұлы Патсаев пен 30 жылдық еңбек өтілі бар анестезиолог-реаниматолог, профессор, медицина ғылымдарының докторы Жәнібек Төкенұлы Артықбаев. Олар өз ісінің маманы еді, босанғаннан кейін ауыр жағдайда жатқан келіншектің өмірін сақтап қалу үшін өз өмірлерін қиды», - деп жазды Біртанов.

Министрдің айуынша, ақ халаттылар күндіз-түні ештеңе қарамастан адамдардың өмірін сақтап қалу үшін аянбай еңбек етеді. «Басқалардың өмірін сақтап қаламыз деп өздері қаза тапқан дәрігерлеріміздің алдында бас иемін. Бұл баршамыз үшін, әсіресе әріптестеріміздің отбасылары үшін орны толмас ауыр қайғы. Еліміздің барлық дәрігері атынан қаза болған әріптестеріміздің, сондай-ақ экипаж мүшелері – әуе кемесінің командирі Геннадий Цой, екінші ұшқыш Евгений Кутафин, авиатехник Бейшібек Ахматбаевтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Меніңше, олар үлкен азаматтық ерлік жасады», - деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, кеше кешке əуеге көтерілген шағын авиация ұшағы 12 минуттан кейін радардан жоғалып кеткен болатын. Кейіннен ұшақ Алматы облысы аумағынан табылған. АН-28 апатынан қаза тапқандардың аты-жөні белгілі болды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қазан 2017 г. 443 0