
Жалпы, Жаңақорғанда қандай саланы алсақта дамудың даңғыл жолына түсіп, өркен жайып келеді. Әсіресе, білім саласындағы мәселелер рет-ретімен шешілуде. Биылдың өзінде екі мектептің лентасы қиылып, қалған төрт білім ошағының құрылысы жүруде. Бұл бір. Екіншіден, кенттегі бала тасымалы да жөнге келді. «Май бекеті» мен «Саяжай» мөлтек ауданы тұрғындарының бас ауыртатын ең басты мәселесі мектепке баратын балалардың тасымалы болатын. Тұрғындар бұл мәселенің толық шешімін тапқанына дән разы, тіпті қуанып алғысын айтып төл басылымға келгенін көз шалды. Сондықтан, мән-жайды анықтау үшін кент әкімі Аллаберген Ахметовке жолықтық.
– Мемлекет алдына қойған негізгі міндеттердің бірі – жоғары сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге барлық халықтың бірдей қол жеткізуі. Кент әкімі аппараты арқылы қазіргі күнге төрт қызмет түрі көрсетіледі. Соның бірі – «Шалғайдағы, ауылдық елді мекендерде тұратын балаларды білім беру ұйымдарына және кері қарай үйлеріне тегін тасымалдауды ұсыну» қызметі. Бүгінде кенттегі Май бекеті және Саяжай ықшам аудандарынан қатынап оқитын оқушылар тасымалы ұйымдастырылып, екі жолаушы тасымалдайтын автокөлік қызмет етуде. Жыл сайын тендр жарияланып, жеке кәсіпкер Әбдіхан Шайыхов жеңіп алып, ел игілігі жолында игі іс атқарады, – деді кент әкімі.
Иә, 2017-2018 оқу жылында тегін тасымалдауды қажет ететін 485 баланың барлығы тасымалдау қызметіне ілігіпті. Екі ауысым бойыншы оқушылар №110, 163 және 125 білім ордасында оқиды. Бұрын балалар үшін алаңдайтын ата-аналар енді осы түйіннің шешілгеніне қуанышты екенін жасырмады.
– Біздің болашағымыз өскелең ұрпағымыз емес пе? Сондықтан, олардың білім алуы қолжетімді болуы шарт. Міне, осы жайтты ескеріп, ұл-қыздарымыздың мектепке уақытылы жетуіне үлкен сеп болып отырған алдымен кент әкімі Аллаберген Сахымбекұлына рахмет айтамыз. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Әбдіхан ағайдың да еңбегін елемей кетпеске болмас. Осы байыпты қадамға мұрындық болып отырған ел азаматына алғыс айта отырып, кәсібінің алға басуына тілекшіміз. Біз үшін ең маңызды тасымал мәселесі болатын. Келесі кезекте балаларға арналған ойын алаңы салынса деген тілегіміз бар, – дейді көше комитеті Ұлған Балғабаева. Кент басшысы бұл мәселенің де алдағы уақытта міндетті түрде шешілетінін тілге тиек етті. Тіпті, келер жылдан бастап аудан әкімінің тапсырмасына сай үш мектептің іргетасы қаланатынын айтты. Иә, бұл екі бірдей ықшам аудан тұрғындары үшін жақсы жаңалық болғалы тұр.
– Әрине, өте қуаныштымыз. Бір айта кетерлігі біздің ауданда көбі жас отбасылар тұрады. Олар уайымсыз жұмыс жасауларына болады. Осындай бастама көтеріп, жағдай жасап жатқан ел ағаларына алғысымыз шексіз, – деді Май бекеті тұрғыны, атанасы Ақзәуреш Накипова.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ,
«Жаңақорған тынысы» газеті.