« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Қалжан ахун атамыздың ғұламалығы, өмірбаяны жалпы ағайынға жақсы таныс. Ілкімді істі көрген де, естіген де – рухани азық дегендей, осы мешіттің ашылу салтанатынан алған әсерімізді баяндамақпыз. Еліміз Тәуелсіздік алған күннен бастап әр ауылда Алланың жердегі үйі мешіттер салына бастады. Тек осы уақытқа дейін мешіті жоқ ауыл Қалжан ахун ауылы болатын.
Әр істің сәті бар демекші мешіттің салынуына ұлты кәріс азамат қаржылай көмек берген екен деген әңгімені естіген едім. Мешіттің ашылу рәсімінен ертерек мешітке келдім. Мешіт қызыл қыштан салыныпты. Төрт мұнарасы бар, күмбезіндегі күміс ай жарқырап алыстан көрініп тұр. Имандылық үйінің тұрған жері кең, айналдыра әсем темір қоршаумен қоршалған. Қоршау сыртында бұрын егілген саялы ағаштар бар екен. Мешіттің қасында жүрген кісілермен амандасып, бұл жайында кіммен тілдесуге болатынын сұрадым. Олар: – «Нұрболатқа жолығыңыз» деп 25-30 жастар аралығындағы тақиялы жігітті нұсқады. Ол мені көріп, «Ассалаумағалейкум» деп келіп қолымды алды. Жігітпен сөйлеспей тұрып-ақ жүзінен ашық күннің шуақ жылуын сезініп, қарапайымдығын, кішіпейілдігін, мәдениеттілігі, ер азаматқа лайық орнықтылығын, терісіне сыймай тұрған – қолға алған жұмысын бітірмей қоймайтын бұла жігер қайратын көріп, риза болдым. Інілерімнің бәрі осындай азамат болса ғой деген тәтті ой, тұла бойымды шарлап кетті. Ол мешіт ішіне кіруімді өтінді. Сырты қандай әсем болса, іші де әсем көркемделген екен. Бөлмелері кең, жарық. Төбедегі люстралар жарықпен шағылысып, таңғы шыққа малынған букет гүлдер секілді жылт-жылт етіп бөлмелердің ажарын ашып тұр. Уамық Мақсұмның немере қызы Дүйсенкүлмен бірге отырған 2-3 кісімен амандасып, қуаныштарымен бөлістім. Сөз ретінде осы жиынға арнайы фото-видеоға түсіруге келгенімді айтып, Нұрболаттан мешіттің салыну сырын айтуын өтіндім.
– Осы ауылда туып-өстім. 9 сыныпты бітірген соң, Астана қаласына көшіп бардық. Үйлі-баранды болып , сонда тұрып жатырмын. Мен үлкен лауазым егесі емеспін. Бір компанияда машина жүргізуші болып істеймін. 2006 жылдан бері бес уақыт намазымды қаза қылмаймын. Жап-жас жігіттердің арақ ішіп, темекі тартып, карта ойнап жүргендерін көріп, іштей қиналамын. Олар мұның орнына мешітке барып, намаз оқыса, насихат тыңдаса салауатты өмір сүріп отбасылы болып ұрпақ өсіріп, елдің бетке ұстар мәдениетті азаматы болар еді. Ауылда мешіт жоғын көптен ойлап жүретінмін. Бастығым өте жақсы адам. Мешітке барып намаз оқиды. Мешітімізге қаржылай көмек берген Вячеслав Константинович Киммен жақсы дос. Вячеслав Константинович – ислам дінін қабылдаған мұсылман. Намаз оқиды. Ол 1971 жылы туған. Алматы қаласында тұрады. Үлкен бір компанияның басшысы. Көп қайырымдылық шараларға қатысқан жаны жомарт, кең пейілді адам. Ол: – 1937 жылы Қиыр Шығыстан кәрістер Қазақстанға жер ауып келгенде, қазақтар ұлты бөлек деп бізді шеттеткен жоқ. Бір тапа наны болса, жартысын бізге беріп, кең даласындай көңілінің дархандығын көрсетті. Азып-тозып айдаумен келген кәрістерге қамқорлық жасады. Біз кәрістер, қазақ халқына қарыздармыз – деп реті келген жерде үнемі айтып отыратын. Жұмыс бабында да, жайшылықта да жиі кездесіп тұрғандықтан Вячеслав Константиновичпен еркін, ашық пікірлесіп, ой бөлісіп тұрамыз. Бір бас қосуда әңгімеден әңгіме туындап, Қалжан ахун ауылында мешіт жоқтығын айтып қалып едім, ол қатты таңданды. Қалжан ахун Бөлекбайұлының тарихымен бұрыннан да жете таныс Вячеслав Константинович: – Бұл жарамайды, Қалжан ахун атадай ғалымның ауылында міндетті түрде мешіт болуы керек қой. Біз адамдар мына жарық дүниеде мәңгі жүрмейтініміз белгілі. Біз бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Мен мешіт салуға қаржылай көмектесемін, – деп уәде берді. Ауылға бір келгенде ауыл ақсақалдарына осы әңгімені айттым. Бұл жаңалықты аудан әкімі Ғанибек Қазантаев та қолдады. ҚМДБ-ның облысымыздағы өкілі Талғат Сейіткәрімұлы ауылдан мешіт салуға рұқсат берді. Көктемде мешіт құрылысы басталып, қыркүйек айында бітіріп отырмыз. Мешіттің ашылу салтанатына Вячеслав Константинович қатыса алмай отыр. Жұмыстарымен шетелде жүр, – деп Нұрболат әңгімесін тәмамдады.
Мешіттің ашылу уақыты жақындап, апайлар шашу шашып жатыр. Сәрке батыр ауылынан келген ағайындар мешітке кілем сыйлады. Қаладан, ауданнан келген тойшылар қайырымдылық жәшігіне теңге салуда. Дін басқармасынан келген Камалжан Тұрдыбеков «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Омаров лентаны қиып, құттықтау сөз сөйледі. Осы мешіттің салынуына белсене көмек көрсеткен азаматтарға «Құрмет грамоталарын» берді. Қалжан ахун мешітіне діни жоғары білімді Жалағаш ауданының азаматы Нұрдәулет Жалғасбекұлы имам болып сайланып, оған кіші қажылыққа сертификат табысталды.
Жиналған жамағаттар жұма намазына қатысты. Мерекелі жиынның аяғы дүбірлі тойға ұласты.
Жоламан АЛДАНАЗАРОВ,
зейнеткер, Бұқарбай батыр ауылы.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |