Ардагерді құрметтеу – парыз

Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінде ардагерлерді құрмет тұтудың жақсы бір дәстүрі сақталған. Аға буын ардагерлермен кездесу кештері мен жиындар мереке күндері және ашық есік күндері ұйымдастырылып отырылады. Қалай дегенде де кездесулердің өске­лең ұрпаққа берері мол. Өрт оқиғасы мен төтенше жағдай кезінде ерлікпен қаза тапқан жолдастарын еске алып, олардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Есте­лік айтып, қызмет ету барысында бастан кешкендерін шынайы әңгімелейді. Мұның өзі бүгінгі ұрпақтың бойындағы елжанды­лық қасиеттің кеңінен өрістеуі­не жол ашатыны анық.

 Сондай бір кездесу кеші 2 қазанда азаматтық қорғау саласының ардагері Асылбек Ақбалаевтың отбасында болды. Осы ретте Төтенше жағдайлар департаменті бастығының кеңесшісі, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұңғышбай Ботабаев оны туған күнімен және ардагерлер күнімен құттықтап, ұжымның ізгі лебізін жеткізді.

Асылбек Ақбалаев 1952 жылы 28 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында дүниеге келген.  1976 жылдан Мемлекеттік  өрттен қорғау бөлімінде қызмет атқарған. 1979 жылдан Тереңөзек аудандық ішкі істер бөліміне қарасты Мемлекеттік өрттен қорғау инспекциясының бастығы,  1989 жылдан Қармақшы аудандық ішкі істер бөліміне қарасты Мемлекеттік өрттен қорғау бөлімінің бастығы, 1991 жылдан №153 Құмкөл әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімшесінің аға инженері, бастықтың орынбасары болып қызмет етті. 1997 жылы подполковник шенімен зейнет демалысына шыққан.  Отбасында 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отырған абзал әке.

Ардагерлеріміздің, аға ұрпақ өкілдеріміздің еңбегін айтып жеткізу қиын. «Сіздер қашанда елді төтенше жағдай мен өрттен қорғау жолында аянбай еңбек еттіңіздер, абырой биігінен көріндіңіздер,- деп, сый-сияпатын табыстады Шиелі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Рахымжан Сариев. Өз кезегінде ардагер Асылбек ағай да игі батасын беріп, қызметкерлердің жұмысына абырой тіледі.

 Иә, үлкендерімізді үлгі ету, ардагерлерімізді құрметтеу кейінгі ұрпақ біздерге парыз. Қадірлі ардагерлер, замандастар ардагерлер күні, келе жатқан Құтқарушылар күні құтты болсын! Ел аман, жұрт тыныш болсын. Төтенше жағдай болмасын!

Айгүл Нұрманова,

Қызылорда облысы ТЖД

Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қазан 2017 г. 460 0