Қарттарым, аман сау жүрші

Облыстық салық органдарында ұзақ жыл қажырлы еңбек еткен ардагерлердің бірі Қадыр Ақышбаев. Облыстың мемлекеттік салық инспекциясында бастаған еңбек жолын тәуелсіз Қазақстанның салық органдарында жалғастырып, қырық жылға жуық осы салаға қызмет етті. Қаланың салық басқармасын басқарды. Терең білімді, ыждағаттылықты талап ететін жұмысын ерекше сүйген жан. Қаржы саласының, салық саласының үздігі. Жұбайы Дариға да қаржы маманы, облыстық салық департаментінен зейнетке шықты.
Қызылорда облысының салық органдары қызметкерлерінің қатарында бірден бір орденді салықшы – Гүлжамал Ешпанова. Сырдария ауданының салық инспекциясын, кейіннен облыстық департаменттің кадрлар бөлімін басқарған Гүлжамал апайдың шекпенінен шыққан мамандар – қазіргі мемлекеттік кірістер органдарының тәжірибелі тәлімгерлері. Жұмысты шебер  ұйымдастырушы, қайсар әрі табанды басшы өз уақытында топ жарып, «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне тақты.
1 қазан – Қарттар күні мерекесімен Депарамент басшысы Серік Жолдасбекұлы Мұстафаев бастаған топтың құттықтап келуі  ардагерлердің  көңілдерін бір серпілтті. Қайратты қызметкер  шағын еске түсірген зейнеткерлер  облыстың мемлекеттік кірістер органдарының  қазіргі тыныс-тіршілігі мен қол жеткен табыстарын ақпарат көздерінен қалт жібермей  біліп отыратындарын  айтып, мәре-сәре болды.
Қызылорда қаласында облыстың салық саласына бар саналы ғұмырын арнаған 40-тан астам ардагерлер бар. Өз ардагерін ұлықтап, жыл сайын  Наурыз мерекесі мен Қарттар күнінде оларға ілтипат білдіру Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде игі дәстүрге айналған.
Биыл да қазанның алғашқы демалыс күнінде департамент қызметкерлері зейнеткер әріптестерге ізгілік сапарын ұйымдастырып, қырықтан астам қария көңілге қуаныш сыйлады.

Б.Орданова,
Қызылорда облысы бойынша
мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қазан 2017 г. 476 0