ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАР МЕРЕКЕСІ

Облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов шаһардың дамуы мен өркендеуіне үлес қосқан бір топ ардагерлерді төл мерекемен құттықтады. Қала орталығындағы “Гранд плаза” мейрамханасында өткен шара арнайы концерттік бағдарламамен көмкерілді. Жезтаңдай әншілер ән-жырдан шашу шашып, жиналған қауымды думанға бөледі.
– Облыстағы түрлі жиындар сіздерсіз өтпейді. Биыл да өздеріңіздің бастамаларыңызбен бірқатар шара қолға алынды. Мемлекеттің әлеуметтік саясаты тұрақты болғандықтан, елімізде қарттарға барлық жағдай жасалуда. Жыл сайын зейнетақының өсуi, көрсетілетін жеңiлдiктер, көп балалы аналарды марапаттау, басқа да шаралар қолдау деңгейiнiң жоғары екенiн аңғартады. “Ата қайратты болса, бала ғибратты болады”. Халық арасында аузы дуалы, әңгімесі бәтуалы ақсақалдар барда, жастар жөнсіз кетпейтіні белгілі. Мерекелеріңіз тағыда құтты болсын!, – деді Қ.Ысқақов.
Айта кетейік, бүгінде облыста 70 мыңға жуық зейнет жасындағы қариялар тұрады және оларға облыстық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан түрлі әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне облыстық және жергілікті бюджеттен 415,3 млн теңге көлемінде материалдық көмек беріліпті. 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өткен халықаралық “Экспо” көрмесінде де қариялар шет қалмаған. 250-ге жуық ардагер бюджет қаражаты есебінен Астана қаласында болып, Елорданың көрікті жерлері мен мамандандырылған көрмені тамашалауға мүмкіндік алған.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қазан 2017 г. 506 0