
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бастамасымен жыл сайын жергілікті мешіт имамдары білімдерін жетілдіріп келеді.
Өңірде білім жетілдіру курстары, арнайы семинар сабақтар, дінтанушылардың қатысуымен семинарлар ұйымдастырылып тұрады.
Уақыт өткен сайын дінге бетбұрушылардың қатарының көбеюімен қатар, Ислам дінін тереңнен ұғынып, сауалдарына жауап іздеуші жамағат қатары да артуда. Имамдардың алдында – өзге ағымға кірудің алдын алу сынды жауапты қызмет те бар.
Осыларды ескере отырып, жергілікті әкімдіктің ықпалымен ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі облыс имамдары үшін білімін жетілдіру курсын ұйымдастырды.
Облыс бойынша 115 имам 3 топқа бөлініп, «Нұр Мүбарак» Египет Ислам университетінде 1 апталық сабақтан өтті.
Сабақ барысында имамдар қызмет бабында туындаған сауалдарына дәлелдерімен жауап ала отырып, білімдерін жетілдіріп, білікті ұстаздардың лекцияларын тыңдады.
Сондай-ақ, Сыр өңірінің имамдарына Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрінің орынбасары Берік Арын мырзамен кездесіп, дәрісін тыңдау мүмкіндігі де туды. Бұл дәрісте әлемдегі дін мәселесі, жат ағымдардың алдын-алу, зайырлы қоғамдағы заңның қолданылуы турасында айтылды.
Өз кезегінде қызылордалық имамдар атынан сөз сөйлеген қалалық «Айтбай» мешітінің бас имамы Н.Керімбеков облыстағы діни ахуалға тоқталып, өздері үшін жасалған мүмкіндіктер үшін алғысын білдірді.
Құранның пендесіне түсірген бірінші сөзі – «Оқы!» Осы себепті де бұл білім жетілдірудің имамдар үшін маңыздылығы жоғары деп айта аламыз. Курс соңында имамдарға сертификат табысталды.
Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»
мешітінің баспасөз қызметі