Халықаралық қарттар күнi аталып өтілді

1 қазан күніне орай Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен «Халықаралық қарттар күні» мерекесі аталып өтілді. Қала мен аудан орталықтарынан келген ішкі істер органдары ардагерлеріне «Техас» кафесінде дастархан жайып, қарттардың басын қосты.
Мерекелік шарада Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қ.Мұхитов сөз алып, қарттарды мерекелерімен құттықтады. «Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың облысымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер, баршаңызға мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, ұзақ ғұмыр тілеймін», - деп қарттарға ізгі тілектерін арнады.
Сондай-ақ мерекелік шарада ІІД бастығы полиция полковнигі ардагер қарттарды арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Дастарханның басында қарттар бір-біріне алғыстары мен құттықтауларын айтып, мерекелік көңіл-күймен әсем әндерін шырқады.
Дана қазақ халқы ежелден қарияларды ерекше сыйлаған. Қарияларға қамқор болу – барлық қоғамның және әрбiрiмiздiң мiндетiмiз, өйткенi жасы ұлғайған адамдар - мемлекетiмiздiң алтын қоры, дәстүрлердiң сақтаушысы, патриоттылықтың, iске деген адалдықтың, ұлы шыдамдылық пен сенiмдiлiктiң жарқын үлгiсi.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қазан 2017 г. 670 0