
Үстіміздегі жылдың 5 қазан күні Жалағаш ауданында ауыл спортшыларының XXXI «Алтын күз-2017» облыстық спартакиадасы басталады. Жарысқа облыстың 7 ауданынан 1000-нан аса спортшы қатысады.
Cайыс спорттың 15 түрінен волейбол, футбол, баскетбол, гандбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, гір спорты, қол күрес, үстел теннисі және президенттік көпсайыс бойынша өтеді.
Мақсаты – бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, ауыл спортшыларының рухын көтеру, Елбасы жолдауынан туындайтын шараларды іске асыру. «Алтын күз» ойындары үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі – денешынықтыру клубтарындағы бұқаралық жарыстар, екінші кезеңі – аудандық ойындар тамыз айында өткізілсе, үшінші кезеңі – ақтық жарыстар 5-8 қазан аралығында өтеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар 8 қазан күні анықталады. Айта кетейік, былтырғы жылы Жаңақорған ауданының командасы спартакиада жеңімпазы атанған болатын.