МИНИСТРДІҢ АЛҒЫС ХАТЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Кеше облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай және Қазақ армиясының имиджін көтеру, әскери-патриоттық тәрбиелеуді жақсарту мақсатында бірқатар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары ұжымдарын марапаттау шарасы өтті.
Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Мұрат Дәулетбақов журналистерге өздерінің жұмысы жайынан біраз мағлұмат берді.
Ол өз сөзінде жұртшылық ойлағандай,  департамент әскери міндеттілерді жылына екі мезгіл әскерге шақырып, шығарып салумен шектелмейтінін жеткізді. Департамент  қызмет көрсетілетін әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында адам және көлік ресурстарын жұмылдыруды жүргізу жоспарын әзірлеуге және нақтылауға қатысады. Осы мақсатта қызмет көрсетілетін әкімшілік-аумақтық бірліктің әскери-экономикалық мүмкіндіктерін зерделейді.  Әскерлер қызметін жақсарту жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарын, жеке құрамды арнайы даярлау бойынша сабақ кестелерін әзірлеуді ұйымдастырады және оған қатысады.  
Департамент бастығы  Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің оң имиджін қалыптастыру, ерлік пен отансүйгіштікке дәріптеуде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өздерінің лайықты үлесін қосып келе жатқанын атап өтті. Осыдан соң ол жергілікті әскери басқару органдарымен өзара тығыз байланыс жасап, ынтымақтастық орнатып, әскери саланың имиджін дамытуға үлесін қосып келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдары ұжымдары мен өкілдерін марапаттады. Оның ішінде атап өтер болсақ,  «Сыр медиа» ЖШС, «Қазақстан-Қызылорда» және «Қоғам ТВ» телеарна ұжымдарына, облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкері Рақымжан Әбубәкірге ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың Алғыс хаттарын табыс етті.
Мұрат Шымкентбайұлы мадақтама тапсыра отырып, журналистерге шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар, болашақта одан әрі тығыз шығармашылық байланыс жалғасатынына сенім білдіріп, мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да бола беретінін жеткізді. Журналистер өз кезегінде еңбектерін елеп, құрмет көрсетіп жатқаны үшін әскерилерге ризашылықтарын білдірді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қыркүйек 2017 г. 606 0