
Достық үйінің мәжіліс залында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен өңірлік «Шаңырақ» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен барлық өңірлерде ел бірлігін сақтау жолында, ауызбіршілікті одан әрі дамыту ниетінде кеңінен қалам тербеп жүрген ақпарат құралдарының өкілдері арасында дәстүрлі түрде «Шаңырақ» шығармашылық байқауы өткізіліп келеді.
Байқаудың мақсаты – этносаралық қатынастар тақырыбын жазып, көрсететін журналистерді ынталандыру арқылы елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту болып табылады.
Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап байқауға бірнеше өтінімдер келіп түсті. Республикалық, облыстық, қалалық телеарна мен баспасөзден 9 өтінім қабылданып, қаралды. Қазылар алқасының құрамын белді де беделді, өз саласының білгірлері «Қазақпарат» агентігінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Елубай Әуезов, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің қазақ тілі әдебиет және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Әшірбекова, облыстық «Ақмешіт ақшамы» газетінің жауапты хатшысы Гүлмира Ділдәбекова және «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Рахима Ахметова құрап, барлық шығармашылық жұмыстарды қарап, саралап тиісті бағаларын қойды.
Нәтижесінде, әділ қазылар алқасының шешімі бойынша баспасөз салысынан бірінші орынды Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі, ҚР ІІМ зейнеткері Болатбек Нұржанов, екінші орынды қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Бағлан Тілеубергенова иеленді. Ал, телесюжет бағыты бойынша тіл шұрайлылығы мен тапқырлық шеберлігіне сәйкес бірінші орынды республикалық «Хабар24» арнасының облыстағы меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков қанжығасына байлады.
Ендігі кезекте, жеңімпаз деп танылған ақпарат өкілдерінің үздік шығармашылық туындылары республикалық байқауға жолданатын болады.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі