
Қызылордалық полиция қызметкерлері 4 миллионнан аса теңгенің бағалы бұйымдарын ұрлаған әккі ұрыны қолға түсірді, деп хабарлады ҚазАқпарат облыстық ІІД-ге сілтеме жасап.
2017 жылғы 24 тамызда күндізгі 09:00-18:00 шамасында белгісіз біреу Қызылорда қаласы тұрғынының үйіне пластик терезесін ашып кіріп, жатын бөлмесіндегі алтын бұйымдарын ұрлап кеткені белгілі болды. Нәтижесінде қала тұрғынына 2 млн. 654 мың теңге материалдық залал келтірілген. Жедел-іздестіру шаралары кезінде Қызылорда қаласының 33 жастағы тұрғыны анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Тергеу жұмыстары барысында ұсталған азаматтың тағы 2 ұрлық қылмысына қатыстылығы анықталды. Екі жағдайда да үйжайға пластик терезесін күшпен ашу арқылы кірген. Бірінде алтын бұйымдарды ұрлап, 153 мың теңге шығын келтірілсе, енді бірінде алтын, бриллиант әшекей бұйымдарымен қатар «Iphone 5» маркалы ұялы телефонның 2 данасын ұрлап, 1 млн. 630 мың теңге көлемінде шығын келтірген.
Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігімен (Ірі мөлшерде жасалған ұрлық) тіркелді. Аталған азаматтың басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.