Отанға қызмет ету – абыройлы борыш

Өңірлік коммуникациялар қызметінде осы тақырыпта брифинг болып өтті. Онда Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Ерлан Абдуллаев, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров, ҚР мемлекеттік күзет қызметінің өкілі Жанбатыр Алмағанбетов, ҚР мемлекеттік қызметі әскери бөлімінің өкілі Рүстем Алшекенов азаматтарды әскери қызметке шақыру мәселелері жөнінде БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Айталық, ҚР мемлекеттік күзет қыз­метінің «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктеріне ең үздік әскери қызметшілер қабылданады. Қазақстандық армияның элитасы саналатын бұл күзет қызметтің құрылымдық бөліністеріне іріктеу қатаң талаптарға сай жүргізіледі.

2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қыз­мет­шілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес боз­ба­лаларды жылына екі рет республика бойынша әскерге шақырту жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, былтырғы көктемгі шақырту бойынша ел аумағында 18–27 жас аралығындағы, әскерден шеттетілуге құқы жоқ, сондай-ақ уақытылы шақырту бойынша әскери борышын өтемеген ер-азаматтардың 30 мыңға жуығы әскерге жарамды болып танылды. Өздеріңізге белгілі, өткен жылдан бастап күшіне енген ҚР Қылмыстық кодексінде әскери қызметтен бас тарту жауапкершілігіне қатысты арнайы бап қарастырылған. Сондықтан бұл санаттағы азаматтармен тиісті жұмыстар жүргізіліп отырады.  

Айта кетерлігі, жедел әскери қызметке шақырту науқаны және оған дайындалу процесі үзіліссіз жүргізілетін шара. Шақырту учаскелеріне бекітілген сәттен бастап, әскерге шақырылуына дейінгі мерзімде ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері жергілікті басқару орган­дарымен бірлесе отырып, әскерге шақыр­туға жататын қазақстандықтардың ара­сында жүйелі түрде тексеру, зерттеу шараларын жүргізеді. ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің офицерлері облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге барып, талап бойынша бойы 180 см кем емес әскерге шақырылушының оқу және қызмет орындарынан мінез­де­мелерін, араласу ортасын, бейімділігін, қызығушылықтарын анықтап, оның психо­логиялық бет-бейнесімен қатар, медициналық көрсеткіштерін зерделейді. Талап­тардың осыншама қатаң болуы Елбасының тарапынан Мемлекеттік күзет қызметіне артатын сенімімен түсіндіріледі.

Айта кетейік, Қызметтің офицерлерімен тіл­­десіп, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі туралы толық­қанды ақ­парат алғаннан кейін әскерге ша­­қырылушылардың көпшілігі дәл осы эли­талы құрылымдарға, яғни «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктеріне шақы­рылу­ды қалайтындықтарын жа­сыр­­майды. Іріктеу барысында бекітілген ереже-талаптарға сәйкес ең бастысы Отанға деген шексіз адалдығымен, шыншылдығымен, оқыс жағдайларда жалғыз әрі нақты шешім қабыл­дай білу қабілетімен, төзімді әрі денесі шымыр келген және зеректігімен ерекшеленген бозбалаларға басымдылық беріледі.

Сондай-ақ, әскер қатарына қабыл­да­нушы азаматтың спортта және өзге де салалардағы жетіс­тік­тері әскери борышын дәл осы Пре­зиденттік полктерде өтеуге жол­дама ретінде қарастырылатын болады.

Үміткерлерді іріктеу барысында олардың білім деңгейі мен зеректік қабілеттеріне үлкен көңіл бөлінеді. Мысалға, өткен жылы көп жүйелі атқарылған жұмыстың нәтижесінде 285 жас сарбаздың 200-і арнайы орта және жоғары білім алған. Бұл дегеніміз, әскери борыштың сапалы өтуіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. «Қазақстандық армияның ең беделдісі болып саналатын Президенттік полктердің қатарына үздіктерді таңдау, әрине, оңай шаруа емес, себебі күзетілетін адам­дар мен объектілердің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету ісі­нің жауапкершілік жүгі ауыр. Сондықтан да  қойылатын талаптар өте жоғары.

Бүгінгі таңда еліміздің Қарулы Күш­тері­нің қатарында әскери борышын өтеу­ге ниеттілердің саны артып келеді. Оның себебі әскери салада заманауи әдіс-тә­сілдерді қолданып, кәсіби деңгейінің ар­туында. Соны­мен бірге, қоғам өкілдерінің қатысуымен жүргізілетін шақырту ко­мис­­сия­сы жұмысының ашықтығы да үміт­керлердің нақты көзқарасының қалып­тасуына оң әсер ететіні белгілі болып отыр.

Брифинг барысында жоғарыда аталған қызмет өкілдері тарапынан азаматтардың әскери қызметке қабылдануы және Отан ал­дындағы мінсіз адал қызметі үшін қыз­меттік өсу сатыларына байланысты жалпы ақпараттармен бөлісіп, журналистердің сауал­дарына жауап берді.

Ғ.ӘБІЛДА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қыркүйек 2017 г. 806 0