МАУСЫМ ЖАҢА КОНЦЕРТПЕН АШЫЛДЫ

«Қала күні» мерекесі аясында облыстық филармонияның жаңа маусымы ашылды. Өнер ұжымы бұл жолы камералық оркестрдің концертін қойды.
Бүгінде облыстағы белді өнер ұжымы саналатын филармонияның негізі 1972 жылы қаланған. Қазірде ұжымның штаттық бірлігі бірнеше есеге артып, мұнда түрлі жанрдағы 8 өнер ұжымы жұмыс жасайды. Қоғамдағы өзгерістерге қарай филармонияның материалдық-техникалық базасы жылдан жылға нығайып, заманауи техникалардың озық үлгілерімен жабдықталып келеді.  
Концертте В.Моцарт, А.Пьяццоло, В.Сапаров, Д.Ласт, С.Шабельский, Л.Шаргородский, Х.Сейтеков, Л.Андерсон, Б.Қыдырбек сынды талантты музыканттардың туындылары орындалды.  
Аймағымызда камералық оркестрдің концертіне қызығушылық танытатындар қатары артып келеді. Көрермендер залының лық толғаны сонша, ине шаншарлық орын болмады. Тіпті, шетелдік қонақтарды да көзіміз шалды. Сөйлесу барысында олардың Канададан келгенін, концерт жайлы әлеуметтік желіден білгенін ұғындық.
– Филармония өнерпаздары облыстың аудандары мен республиканың басқа да аймақтарына жиі гастрольдік сапармен шығып тұрады. Сондай-ақ, конкурстар мен байқауларға қатысып, жүлдесіз келген емес. Мұндай шаралардың өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға септігі көп тиеді, – деді филармония директорының орынбасары Азиза Іздіқұлова.

А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қыркүйек 2017 г. 610 0