
ҚР Энергетика министрлігінің электрэнергетика және көмір өнеркәсібі департаменті директоры орынбасары Талғат Әбілғазының айтуынша, разрездің өз басында көмірдің бағасы 8 мың теңге тұрады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі кезде республика бойынша 400-ге жуық көмір өндіру кені бар. Аталған разрездердің бәрі бағаны өздері белгілейді. Себебі Қазақстанда көмірдің бағасы мемлекет тарапынан реттелмейді. Заңда қандай да бір шектеу шаралары қарастырылмаған. «Бүгінде көмірді өндіру құны 3-5 мың теңгені (бір тоннасы - авт.) құрайды. Ал разрездің өзінде 8 мыңға дейін барады. Одан кейін осы көмірді тұтынушыға жекізу тағы бар. Сосын алыпсатарлар болады. Бұның барлығы - нарықтық жағдай. Бағаны да нарық анықтайды, көмірдің құны сұранысқа қарай өзгереді», - деді Әбілғазы.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде республика бойынша көмір тапшылығы жоқ. Ал Қазақстандағы көмірдің жалпы қоры әлі 300 жылға жетеді.