КОАЛИЦИЯ ӨКІЛДЕРІ БАСТАМАНЫ ҚОЛДАЙДЫ

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан-2050 Демократиялық күштері аймақтық коалициясының кезекті отырысы өтті.

Отырысқа коалиция мүшелігіндегі партия жетекшілері мен белсенділер, ҮЕҰ, белсенді жастар, облысымыздағы сот және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Шарада олар мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру және әліпбидің бірыңғай стандартын енгізуге қатысты ойларын ортаға салды.

Кеңес отырысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы  төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деген Елбасы сөзін келтіре отырып, тілімізді реформалау ұлттық сананы жаңа деңгейге көтеретін қадам екенін атап өтті.

– Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, өркениетке, мәдениетке және ғылымға жол салған кез келген мемлекет ең алдымен тілдің дамуына ерекше көңіл бөледі. Осы жолда Елбасымыз тәуелсіздік алған күннен бастап қазақ тілін көтеруге баса назар аударды. Ендігі біздің рухани даму, өркендеу жолымыз, қазақ тілінің заманға сай жаңа әліпбиін жасаудан басталады», – деді ол.

Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары жаңа әліпби түркі әлемі халықтарын жақындастырып, біріктіріп қана қоймай, әдебиетіміз бен мәдениетімізді дәріптейтін, ғылым-білімнің мол қазынасын еркін игеруге жол ашатын өте маңызды фактор екенін атап өтті.

Жиын барысында коалиция мүшелері Парламенттік тыңдауда таныстырылған жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, Сыр халқын жаңа реформаны қолдап, оны жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етуге шақыратын өз Үндеуін жариялады.

Шынар БЕКБАН.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қыркүйек 2017 г. 437 0